Halyq Uni логотип
×

Атырауда қоршаған ортаны ластаған мекемеге 7 млрд теңгеден аса айыппұл салынды

Шығарындылар белгіленген шектен 20 есе асып кеткен

 Динара Амантай 03.07.2023 | 14:26
Атырауда қоршаған ортаны ластаған мекемеге 7 млрд теңгеден аса айыппұл салынды
Фото: Halyq Uni

Атырауда қоршаған ортаны ластаған мекемеге 7 млрд теңгеден аса айыппұл салынды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Атырау қаласының әкімшілік құқықбұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотының мәліметінше, сотта «K» ЖШС-не қатысты ӘҚБтК-нің 329-бабымен («Парниктік газдар шығарындыларына квотаның белгіленген және қосымша алынған көлемінен асып кету») әкімшілік құқықбұзушылық туралы іс қаралған.

Сотта анықталғандай, Атырау облысының мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасының талабы негізінде облыстық экология департаментінің тексеруді тағайындау туралы актісіне сәйкес, «K» ЖШС-не қатысты жоспардан тыс тексеру жүргізілді. Тексеру барысында 2021 жылғы парниктік газдар шығарындыларын түгендеу жөніндегі есептіліктің нәтижелері бойынша көмірқышқыл газының (СО2) шығарындылары белгіленген шегі 20 мың тоннадан (есеп бойынша 35 мың 482 тонна) асатыны анықталды. Әрі қарай, уәкілетті мемлекеттік орган парниктік газдар шығарындылары квоталарының көлемін 35 мың 482 тонна мөлшерінде келіскен.

Алайда 2021 жылғы парниктік газдар шығарындыларын түгендеу туралы есепте қолданылған бастапқы деректерді пайдалана отырып, есептеулер жүргізу кезінде СО2 шығарындыларының нақты көлемі 743 105, 874 тонна болатыны анықталды. Осылайша, ЖШС белгіленген (бөлінген) көміртегі квоталарының көлемдерінен айтарлықтай жоғары мөлшерден асыра отырып, квоталанатын қондырғыны пайдалануды іске асырған.

Сот қаулысымен «K» ЖШС әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 7 млрд 224 млн 485 мың 941 теңге әкімшілік айыппұл түріндегі жаза қолданылды.

Сот қаулысы заңды күшіне енген жоқ.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама