Әлем кубогы: қазақстандық «жамбы атушылар» Еуропа мергендерін басып озды

Халық үні

Әлем кубогына жиырмаға жуық ел атынан 100-ге жуық спортшы қатысты

фото: Ұлттық спорт қауымдастығы

Ат үстінде садақ атудан (Қазақстанда «жамбы ату» спорты) Венгрияның Помаз қаласында Әлем кубогы аяқталды. Құралайды көзге атқан мергендер додасына Еуропаның жиырмаға жуық елінен жүзге жуық спортшы қатысты.

Жамбы атудан Қазақстан республикасының ұлттық құрамасы жалпы есепте жиырмаға жуық елдің ішінде І орынды алды. Аталған халықаралық додаға Ералхан Айкөз, Бақдәулет Бабажан, Батыр Бексауыт, Мадияр Шәріпбаев сынды мергендерді бас бапкер Елдос Бадашев бастап барған болатын.

Ат үстінде садақ ату өнері жоғары дәрежеде дамыған Германия, Франция, Финляндия, Италия, Португалия, Венгрия елдерінің мергендерін таң қалдырған біздің «кентавр» мергендер үздіктер қатарына қосылды.

«Корей» стилі бойынша (ат үстінде садақ атуда ең қиын стиль түрі) Ералхан Айкөз алтын,  Батыр Бексауыт күміс медаль алды. Ал, «аңшылық трек» нысанасы бойынша Мадияр Шәріпбаев күміс жүлде еншіледі.

Жамбы атудан ҚР ұлттық құрамасының Әлем кубогінде өнер көрсетуіне ҚР МСМ Спорт және дене шынықтыру істері комитеті, ҚР ұлттық спорт қауымдастығы, ҚР жамбы ату федерациясы ұйытқы болды. Федерацияның бас серіктесі Alageum компаниясы спортшыларға демеушілік жасады.

Сонымен қатар, Әлем кубогі барысында ҚР жамбы ату федерациясының өкілдері Ат үстінде садақ атудың халықаралық альянсына мүшелікке еніп, бірнеше халықыралық ұйымдармен меморандумға қол қойды.