Астанада 2 қабатты ғимаратқа рұқсат етілген жерде 5 қабатты нысан салынған
Әзірге бақылаушы органдар тек айыппұлмен шектеліп отыр
Астана қаласына қарасты Оңтүстік-Шығыс тұрғын алабында, Талғар көшесі №73, ауданы 0,1132 га жер учаскесінде нысаналы мақсатқа сай келмейтін ғимараттың құрылысы жүріп жатыр.
Бекітілген жобалық құжаттамаға сәйкес, бұл жерде 2 қабатты ғимарат салуға рұқсат етілген. «Әділдік жолы» республикалық қоғамдық бірлестігі осы жағдайды анықтап, Астана қаласының әкімдігіне қарасты орта сапасы және бақылау басқармасына екі рет хат жолдады.
Қалалық орта сапасы және бақылау басқармасының жауабында құрылыс жүргізіп жатқан «Отан Инвест Строй» ЖШС-ға Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 316-бабы 1-бөлігі бойынша әкімшілік хаттама толтырылып, оған 345 мың теңге айыппұл белгіленіп, заңсыз құрылысты заңдастыру жөнінде нұсқама берілгені айтылған.
Әзірге құрылысты бақылау органы осымен ғана шектеліп отыр.