Halyq Uni логотип
×

«Күнде таңертең сәлем салады»: Қазаққа келін болған кәріс қызы бауырсақ пісіріп, ет асуды үйреніп алды

Ақ орамалын басынан тастамайды. Шалбар кию дегенді де құп көрмейді

 Халық үні 02.07.2023 | 22:45
«Күнде таңертең сәлем салады»: Қазаққа келін болған кәріс қызы бауырсақ пісіріп, ет асуды үйреніп алды
фото: inform.kz

Түркістан облысына келін болып түскен корей қызы бауырсақ пісіріп, ет асуды үйреніп алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат. 

Сәкен мен Суджин Лидің отау құрғанына екі айға жуық болды. Корей қызы Түлкібасқа келін болып түскен соң қазақы дәстүрмен беташар өтті.

Екі жастың некесі де мешітте қиылды. Қазір кәріс келін атасы мен енесіне дәмді ас әзірлеп, сәлем салуды тәп-тәуір меңгеріп алған.

Қазақ тілін енді үйреніп жүр. Сондықтан, көпшілікпен сөйлескенде жолдасы Сәкен аудармашылық жасайды.

Келінім күнде таңертең сәлем салатын. Содан мен тоқтатып тастадым. Қазір екі-үш күн қыдырып келгенде ғана сәлем салады. Соған үйреттік. Ал, қалаға қыдырып келгенде апасын құшақтап, сағынғанын сездіреді, - дейді атасы Бауыржан Мақұлбеков.

Сәкен Кореяда 4 жылға жуық жұмыс істеді. Сол жақта жүргенде Суджин Лимен танысқан. Көпқабатты үйде тұратындықтан әке-шешесімен де кездесіп жүріпті. Таныстық соңы махаббатқа ұласты.

Содан корей қызын жар етіп алғысы келетінін айтып, жүрегін ұсынды. Ата-анасының алдынан өтті.

Корей жағы бұл ұсынысқа тосырқап қалғанымен кейіннен екі жастың бақыты үшін келісімін берді.
Ал, түлкібастықтар ұлының Оңтүстік Кореядан келін әкеле жатқанына қатты қуанды.

«Балам қоңырау соғып, келін екеуіне билет алып қойғанын айтты. Жас емес қой, шешіміне қарсы болмадық. Қазір келінімізді іздеп отырамыз. Екі-үш күн қалаға кетсе сағынып қаламыз»,- дейді қария.

Суджин Лиге алғашқыда Түлкібастың ауа райы ыстық көрінген. Басы ауырып, мазасызданған. Дегенмен қазір үйреніп қалды.

Ақ орамалын басынан тастамайды. Шалбар кию дегенді де құп көрмейді.

Шайын қойып, асын әзірлеп, ата-енесіне бәйек болып жүр. Тіпті, қазанға асылған етті де дәмді етіп пісіреді. Сорпасына дейін бөлек дайындап, айран қосып дастарханға әкеледі. Тек сиыр саууға енесі әлі рұқсат етпепті.

«Бір ғана сиырымыз бар. Оны үйдегі өзге келіндер-ақ сауып алады. Сондықтан оған рұқсат етпедік», - дейді енесі.

Жалпы Суджин Ли кішкентай бүлдіршіндерді жақсы көреді. Қайынағалары мен абысындарының балаларын ойнатып, солармен көп серуендейді.

Алғашқыдағы көбіне күріш пен ащы тағамдарды жегенді ұнататын. Қазір талғамайды.

«Келініміздің құжаттарын реттеу жағы қиындық тудырып жатыр. Тіпті «депорт» жасап жібере ме деп уайымдап отырмыз. Себебі, Кореядан біраз құжаттар алдырып осында тіркеуіміз қажет. Соған елшіліктен үлкен көмек болса деген өтінішіміз бар. Барлығы реттелген соң Кореядан құдаларды шақырып, ұлан-асыр той жасауды жоспарлап отырмыз», - дейді Бауыржан Мақұлбеков.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама