Halyq Uni логотип
×

«Бізбен ешкім сөйлескісі келмейді». СҚО-ға Ираннан келген қандастар кері көшіп жатыр

Бес отбасы кері көшіп кеткен, тағы екі семья көшуге бекініп отыр

 Самат Жақып 27.04.2022 | 15:55
«Бізбен ешкім сөйлескісі келмейді». СҚО-ға Ираннан келген қандастар кері көшіп жатыр
фотолар: Halyq Uni

Солтүстік Қазақстан облысында соңғы үш жылда «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасымен қоныс аударушыларға деп 1200-ден астам үй салынды. Бұл мақсатқа 8,630 млрд теңге жұмсалған. Алайда салынған үйдің әрбір үшіншісі сапасыз. Мәселен, Шал ақын ауданының орталығы Сергеевка қаласында бой көтерген 45 баспананың едені арада екі жыл уақыт өтпей ауыстырылып жатыр.

2019 жылы Сергеевка қаласының шетіндегі Гончара көшесінде 2019 жылы жаппай құрылыс басталған еді. Қоныс аударушылар үшін бір типті 45 баспана бой көтерді. Оларды Қостанай облысының кәсіпкері тұрғызды. Әзірге салынған үйлердің жартысында адам тұрып жатыр. Былтыр Ираннан келген қандастарға да осы жерден үй берілген еді. Бірақ, жаңа баспанаға кірген қандастар жағдай уәде еткендей болмай шықты деп ашынып отыр.

«Пеш сөнсе, үйіміз бірден суып кетеді. Қазір едендерді бұзып, ішіне құм толтырып жатыр. Одан кейін қайта жабады. Шынын айту керек, қыс бойы тоңып шықтық. Сәкінің астынан суық жел үрлейді. Мұндай проблема барлық баспанада бар. Былтыр Ираннан осы Шал ақын ауданына 12 отбасы келген едік. Кейбірімізге әлі күнге дейін квота берген жоқ. Себебі 9 айдан бері азаматтығымызды ала алмай жүрміз. Қысқасы әкімдік үйіп-төккен уәдесінде тұрмады. Бес отбасы кері кетіп қалды. Шынын айтсам, мына үй менікі екенін растайтын ешбір құжат жоқ. Әлі сатып ала алмай отырмын», - деді қандас Ескелді Әбдірахман.

Сапасыз салынған көп үйдің пеші дұрыс емес. От жаққан кезде баспана іші көк түтін болады екен.

«Жанға жайлы жағдай жасалмай отыр. Проблемамызды айтып әкімдікке барсақ, «әкім жоқ» деп шығарып салады. Бізбен ешкім сөйлескісі келмейді. Арман деген әкімнің орынбасары «Сенімен шаруам жоқ, кете бер», деді. Әбден шаршадық. Жұмыс та жоқ. Қыста үйіміз суық болған соң, уақытша Ақтауға кетіп қалдым. Қар еріген соң міне қайта келдім. Енді 1-2 айдан соң тағы екі отбасы көшіп кетеміз деп бекітініп отырмыз», - дейді қандас Несіп Қазақ.

45 үйдің еденін жөндеуге қазынадан тағы 13 миллион теңгеден астам қаржы бөлінген.

«Қостанайлық кәсіпкер бұл үйлерді 2019 жылғы техникалық талаптарға сай етіп тұрғызды. Тұрғындардың шағымы бойынша біз бұл мәселені өзіміз шешкен жөн санадық. Дегенмен үйлер әлі кепілдікте. Сондықтан мамыр айында мердігерді шақыртамыз. Ол қалған кемшіліктердің орнын толтыруға міндетті», - дейді шал ақын ауданы әкімінің орынбасары Саят Омаров. 

Еске салайық, Мемлекет басшысы былтыр оңтүстіктіктен солтүстікке қоныс аударғандарға арнап салынған үйлердің сапасын қадағаламағаны үшін Айыртау және Есіл аудандарының әкімін қызметінен босатуды тапсырды. Егер жағдай осылай жалғаса беретін болса қандастардың мәселесіне ҚР президенті тағы араласуы мүмкін.

Былтыр Иран мемлекетінен 20 қазақ отбасы тарихи отанына оралды. Олардың 14-і Солтүстік Қазақстан облысына қоныстанды. Көшіп келгендердің қатарында 54 ересек пен 18 бала бар.

Жақында Павлодар қаласының іргесіндегі Ленин кентіне Қытай, Моңғолия және Өзбекстаннан 13 отбасы қоныс аударған қандастар да мәселе көтерді. Осыдан бес жыл бұрын мемлекеттік бағдарлама бойынша қандастарды қарсы алған жергілікті әкімдік әрқайсына бір-бір баспана берген. Әуел баста «айына азын-аулақ қаражатқа жалдап тұрасыздар, кейін тегін жекешелендіріп береміз» деп уәде еткен. Енді атқарушы билік арада бес жыл өткен соң баспананы ресми түрде жекеге рәсімдеу үшін әр отбасы шамамен 6 миллион теңгеден беруі керек деп отыр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама