Ескірген жатақханалар мен корпустар: ҚазҰУ жағдайы Тоқаевқа баяндалды
Оқытушылар мен қызметкерлердің баспанаға мұқтаж екені де айтылды
Мемлекет басшысы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры Жансейіт Түймебаевты қабылдады. Қасым-Жомарт Тоқаевқа оқу орнының бір жылда атқарған жұмыстары мен алдағы даму жоспары таныстырылды. Сондай-ақ ректор президентке білім беру үдерісі, ғылыми-зерттеу жұмыстары және университеттің халықаралық жетістіктері туралы айтты.
Кездесу барысында Түймебаев Тоқаевқа ғылыми жобалардың тиімділігі мен кадрлар әлеуетін арттыру және оқу ордасының 90 жылдығы қарсаңында ҚазҰУ қалашығын қайта жаңғырту жөніндегі ұсынысын жеткізді. Оның айтуынша, 2024 жылға қарай университет еліміздің ғылыми-техникалық дамуының перспективті деген бағыттары бойынша 650-ден астам ғылыми жобаны қолға алмақ. Ректор ғылыми жобалардың нәтижелерін экономиканың нақты секторына айналдыру 20-ға жуық спин-офф компаниясын құру арқылы жүзеге асырылатынын атап өтті, – дейді Ақорда.
Жансейіт Түймебаев жетекші оқу орнындағы ұзақ жылдардан бері қордаланған мәселелерге де тоқталып, оларды шешу жолдары жайлы ұсынысын жеткізді. Атап айтқанда, ескірген жатақханалар мен тозығы жеткен оқу корпустарының жай-күйі, екі мыңнан астам оқытушы мен қызметкердің баспанаға мұқтаждығы жөнінде баяндады.
«Кездесу соңында мемлекет басшысы білім сапасын түбегейлі жақсарту, еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына ғылымның қосатын үлесін арттыру мәселелеріне назар аударып, университет басшысы ұсыныстарын қолдады», – делінген ақпаратта.