Қазақстанда ревакцинациялау тәртібі қайта қаралды
Қазақстан бойынша 44 702 адам ревакцинациядан өтті
Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой әлемдегі эпидемиологиялық жағдайды ескере отырып, Иммундау жөніндегі ұлттық консультативтік комиссия халықты ревакцинациялау тактикасын қайта қарағанын мәлімдеді.
8 желтоқсаннан бастап 6 айдан кейін вакцинацияның екі дозасын алған адамдардың бәрі, сондай-ақ коронавируспен ауырған адамдар ревакцинацияланады.
Бүгінде Қазақстан бойынша 44 702 адам ревакцинациядан өтті.
Айта кетейік, 15 қарашада ҚР Бас санитар дәрігерінің COVID-19 инфекциясына қарсы ревакцинация жүргізу туралы қаулысы жарияланды.
Құжатта КВИ-ге қарсы ревакцинацияға жататын халықтың тәуекел топтары көрсетілген. Науқан екі кезеңнен тұрады. Осыған дейін вакцинаның екі дозасын да салдырғандар жаңа жылға дейін үшіншісін (ревакцинация) қабылдайды. Бұл медицина қызметкерлері, мұғалімдер, медициналық-әлеуметтік мекемелер мен жабық балалар мекемелерінің мамандары, сондай-ақ күш құрылымдарының қызметкерлері.
Елімізде 8,8 миллионнан астам адам коронавирусқа қарсы вакцинаның 1-компонентін алды. Екінші доза 8,2 миллионнан астам адамға салынды.
Қазіргі таңда 128 174 жасөспірім, 31 747 жүкті және бала емізетін әйел Pfizer вакцинасының бірінші дозасын салдырды. Екінші дозаны 5 592 адам алды.