Түркістан облысында 2 ер адамнан қару-жарақ пен есірткі тәркіленді
Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр
Түркістандық полицейлер күдіктілерден қару-жарақ пен есірткі тәркіледі, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Тәртіп сақшылары жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде Төле би ауданының екі тұрғынын ұстады. Тінту кезінде күдіктінің бірінен ішінде есірткіге ұқсас заты бар 5 орама мен шыны ыдыс, сондай-ақ басқа да айғақ заттар табылды. Сараптамаға сәйкес, алынған есірткі жалпы салмағы шамамен 100 гр тартатын марихуана болып шықты.
Екінші күдіктінің үйіне тінту жүргізіліп, оның шатырынан 16 калибрлі екі ұңғылы шолақ мылтық тәркіленді.
Бұл факті ҚР ҚК-нің 297 және 287-бабы бойынша тіркелді. Қазір сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Алынған заттай дәлелдемелер сараптамаға жіберілді.
Оқиғаның толық мән-жайы анықталып жатыр.