Жалақымды түгел қайырымдылыққа аударамын – депутат (ВИДЕО)
Жалақым, қателеспесем, 820-830 мың теңге, - деді ол
Бірі жалақысын жырымдап жүріп жеткізсе, бірі толықтай мұқтаждарға береді. 2023 жылдың бірінші тоқсанында Қазақстандағы орташа жалақы 340 636 теңге деп көрсетілді. Бұл – Ұлттық статистика бюросының ресми мәліметі. Алайда қарапайым еңбек адамдарының басым бөлігі алатын еңбекақы жоғарыда аталған соманың жартысына тең.
Десе де одан бірнеше есе көп алатындар да бар. Оған мысал – кеше 2 айлық еңбек демалысына кеткен Парламент депутаттары. Өздерін «халық қалаулылары» деп атайтындар айлығын қайда жұмсайды? Respublica партиясының тең төрағасы, Мәжіліс депутаты әрі танымал бизнесмен Руслан Берденов «Сұрауы бар» Youtube арнасына берген сұхбатында мәрттігін айтып мақтанып өтті.
Бүкіл алған жалақымды бөліп, 3-4 қайырымдылық қоры бар, соларға аударамын. Бұл жақта жүйе сәл өзгеше. Жарты жалақыны аванс ретінде жібереді, жартысын айдың соңында аударады, сондайы бар. Жалақым, қателеспесем, 820-830 мың теңге, - деді депутат.
Мәжілісмен айлығын пайда табу құралы ретінде қарамайтынын жеткізді. Айтуынша, оның өзге де табыс көздері бар.
Мен айтайын, депутаттың жалақысын төмендеткенім емес, бірақ алып отырған жалақым үлкен бір қажеттілігімді өтемейді, - деді Руслан Берденов.
Сұхбаттың толық нұсқасы жоғарыдағы видеода.