×

Халықаралық дәрежедегі 9 спорт шебері шыққан ауылдың балалары АКТ залында жаттығып жүр

Балуандарымен аты шыққан Бесағаш ауылына спорт кешені керек

 Ұлдана Жұбай 27.04.2022 | 15:02
фото: Halyq Uni

Жамбыл облысында болашақ чемпиондар спорт залының жоқтығынан сахнада шынығып жүр. 30-ға жуық чемпионды шығарған Бесағаш ауылының балалары мектептегі акт залында жаттығуға мәжбүр.

Күрестің 5 түріне баратын 100 ден аса спортшы қазір мектептің акт залында жаттығуға мәжбүр. Олар мектептің аядай ғана қоймасында киім ауыстырады. Себебі 5 жылдан бері салынады деген спорт кешенінің әлі іргетасы да қаланбаған.

Бүгінде Бесағаш ауылында бапталған балалар ел ішінде ғана емес, Еуропа мен Азияда әлем чемпионы атанып жүр. Атақты ауылдан халықаралық дәрежедегі 9 спорт шебері шыққан. Алайда осыншама балуан баптаған белгілі ауыл спорт залға зәру.

«Бес жылдан бері үміттеніп жүрдік. Бірақ әлі салынбады. Қаншама уақыт өтті, талай рет әкімге бардық. Аудан әкімі, облыс, тіпті республикаға да шықтық. Осы жерге республикалық Қазақ күресі ассоциациясының өкілдері келген. Олар да «биыл қолға аламыз» деген жаттанды сөзді айтып кетті», - дейді қазақ күресінен Жамбыл облысының аға жаттықтырушысы Руслан Мұхамедқалиев.

Ауылдағы жасөспірімдердің дені күрес түрлерімен айналысады. Оқушылар орындықтарды жинап, өз бетінше бозкілем төсеп алған. Егер мектепте ірілі-ұсақты іс-шаралар өтетін болса жаттығу тоқтайды екен.

«Осы уақытқа дейін еліміздегі бірнеше қаласында өткен жарыстарға қатыстым. Біз сияқты сахнада жаттығатын ешкімді көрмедім. Бізден басқа жердің бәрінде жағдай жасалған. Тар бөлмеде киінеміз. Аптасына бір-екі рет қалаға қатынап, жаттығу жасап келеміз. Сол жаққа барғанда ғана душқа түсеміз», - дейді жас спортшы Береке Рахматуллаұлы.

Әу баста Бесағаш ауылында спорт сарайын салу жоспарда болмаған. Әкімдік спорт кешенін көрші ауылда салмақ болып, ол жерде орын табылмаған соң Бесағашты таңдаған.

Былтыр Жалпақтөбе елді мекеніне дене шынықтыру кешенін салу мәселесі қойылған. Ол жерде жоспар бар. Бірақ Жалпақтөбеде жер мәселесі шешілмеді. Сосын жоспарды Бесағашқа бұрдық, - дейді Жамбыл ауданы әкімінің орынбасары Нұрлан Несіпбеков.

Бесағашта салынуға тиіс спорт кешенінің жобалық құжаттамасы сараптамадан өткен. Құрылысқа қажетті қаржы – 470 млн теңге. Енді бұл жоспарды жүзеге асыру үшін қазынадан қаржы бөлу ғана қалды.

Бесағаш ауылынан шыққан халықаралық дәрежедегі 9 спорт шебері, 28 спорт шебері, спорт шеберіне үміткер 80 балуан бар. Бесағаштан шыққан спортшылар әлем чемпионатында 4 алтын, 2 күміс, 5 қола; Еуропа чемпионатында 1 алтын, 1 күміс; Азия чемпионатында 3 алтын; КСРО чемпионатында 2 алтын, 2 күміс; ҚР чемпионатында 36 алтын, 2 күміс, 3 қола алған.

Олардың тізетін болсақ:

Кеңесбек Галиакбаров - еркін күрестен халықаралық дәрежедегі спорт шебері, жастар арасында КСРО (1978,1979ж) чемпионатының екі дүркін күміс жүлдегері, жастар арасында Қазақстан (1981, 1983ж) чемпионатының екі дүркін жеңімпазы, КСРО «Динамо» орталық қоғамының үш дүркін жеңімпазы (1978,1979,1980 ж.), КСРО ауыл шаруашылық министрлігі қоғамының (1983 ж.) қола жүлдегері;

Болат Жараров - бокстан халықаралық дәрежедегі спорт шебері, жасөспірімдер арасында КСРО чемпионатының жеңімпазы (1979ж), кадеттер арасында КСРО чемпионатының жеңімпазы (1980 ж.), жастар арасында КСРО чемпионатының күміс жүлдегері (1982 ж.), жастар арасында Еуропа чемпионатының жеңімпазы (1982 ж.);

Ғалымжан Сапарғалиев - самбо күресінен халықаралық дәрежедегі спорт шебері, ересектер арасында Азия чемпионатының екі дүркін жеңімпазы, ересектер арасында Әлем чемпионатының күміс және қола жүлдегері, ересектер арасында Еуропа чемпионатының күміс жүлдегері;

Руслан Мухаметкалиев - самбо күресінен халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Қазақстан чемпионатының бірнеше дүркін жеңімпазы, Әлем кубогінің қола жүлдегері, қазақ күресінен Азия чемпионатының жеңімпазы (2004 ж.).

Әмір Хабибуллаев - қазақ күресінен Қазақстанның 9 дүркін чемпионы, Еуропа чемпионатының жеңімпазы (2007 ж.), Әлем чемпионы (2008 ж).

Дамир Хабибуллаев - қазақ күресінен Қазақстан чемпионатының үш дүркін алтын жүлдегері (2014 ж.), екі дүркін күміс жүлдегері (2007 ж.) және қола жүлдегері (2013 ж.), Әлем чемпионатының қола жүлдегері (2008 ж.), самбо күресінен Қазақстанның қола жүлдегері (2011 ж.).

Марат Нигматуллаев - қазақ күресінен халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Әлем чемпионатының жеңімпазы 2017жыл, Қазақстан чемпионатының жеңімпазы (2015-2017 ж.ж);

Лиляра Бақыткерей - каратэден 2018ж Әлем чемпионатының жеңімпазы;

Дәулет Пахрединов - қазақ күресінен халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Әлем чемпионатының жеңімпазы (2016 ж.), Қазақстан чемпионатының жеңімпазы (2016 ж.), самбо күресінен ҚР чемпионы (2013 ж);

Ринат Махмутов - қазақ күресінен Қазақстан жеңімпазы (2012 ж.), Жамбыл облысының жеңімпазы (2012 ж.);

Ришат Махмутов - қазақ күресінен Қазақстан жеңімпазы (2015, 2016, 2017 жылдары), Жамбыл облысының жеңімпазы (2015, 2016, 2017 жылдары);

Бахтан Гарипуллаев - қазақ күресінен Қазақстан жеңімпазы (2012 ж.), Жамбыл облысы жеңімпазы (2012 ж.);

Омар Керимов - қазақ күресінен Қазақстан жеңімпазы (2018 ж.), Жамбыл облысы жеңімпазы (2018 ж.).  

Осман Керимов - қазақ күресінен Қазақстан жеңімпазы (2015 ж.), Жамбыл облысы жеңімпазы (2015 ж.);

Бақыт Галиакбаров - қазақ күресінен Қазақстан жеңімпазы (2010 ж.), Жамбыл облысы жеңімпазы (2010 ж.);

Бейжан Елібай - қазақ күресінен Қазақстан жеңімпазы (2015 ж.), Жамбыл облысы жеңімпазы (2015 ж.);

Дарын Ханапиев - қазақ күресінен Қазақстан жеңімпазы (2017 ж.), Жамбыл облысы жеңімпазы (2017 ж.);

Бағлан Жармұхамбет - қазақ күресінен Қазақстан жеңімпазы (2014 ж.), Жамбыл облысы жеңімпазы (2014 ж.);

Нұрлан Қырғызбек - қазақ күресінен Қазақстан жеңімпазы (2018 ж.), Жамбыл облысы жеңімпазы (2018 ж.);

Әділет Ахметқали - белбеу күресінен жастар арасында Әлем чемпионатының қола жүлдегері (2021 ж.), қазақ күресінен Қазақстан жеңімпазы (2018 ж.), Жамбыл облысы жеңімпазы (2018 ж.);

Асылхан Дүйсенбек - қазақ күресінен Қазақстан жеңімпазы (2017 ж.), Жамбыл облысы жеңімпазы (2017 ж.);

Аслан Жармухамбет - қазақ күресінен Жамбыл облысы жеңімпазы (2018 ж.);

Әлібек Қашықбаев - қазақ күресінен Жамбыл облысы жеңімпазы (2016 ж.);

Бейбарыс Нұғыман - белбеу күресінен жастар арасында Әлем чемпионатының қола жүлдегері (2021 ж.).

Береке Рахматуллаұлы - белбеу күресінен жастар арасында Әлем чемпионатының қола жүлдегері (2021 ж.).

Әли Әлімби - қазақ күресінен Қазақстан жеңімпазы (2020 ж.);           

Береке Спандияр - тоғызқұмалақтан Қазақстан чемпионатының қола жүлдегері (2019 ж.).

Серіктес жаңалықтары

Сараптама