Halyq Uni логотип
×

Экология министрлігі дайын жұмысқа 704 млн теңгені не үшін бөлдіріп жатыр?

Кәсіби экологтар сол үшін Антикор мен Жоғары аудиторлық палатаға шағым түсірді

 Ербол Тұрымбет 01.07.2023 | 10:22
Экология министрлігі дайын жұмысқа 704 млн теңгені не үшін бөлдіріп жатыр?
Коллаж: Halyq Uni

Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Ғылым және жоғары білім министрлігіне экологиялық нормативтерді бекіту, сол үшін осы бағытта ғылыми зерттеу жүргізуге 704 млн теңге көлемінде қаржы бөлу жөнінде сұраныс жіберген. Алайда Тәжірибешіл экологтар қауымдастығы ондай зерттеулердің әлдеқашан жасалып қойғанын, ол үшін арнайы қаржы бөлдірудің еш қажеті жоқ екенін айтады. Сондықтан, бұл жағдайды тек бюджеттен ақша шығарудың амалы деп қана санайтындарын айтады. Ол қандай зерттеулер? Министрлік соны қолданудың орнына неге жаңа зерттеулерге тапсырыс беріп отыр? Біз мәселенің жай-жапсарын сол қауымдастық басшысынан сұрап білдік.

Елімізде 2021 қолданысқа енгізілген Экологиялық кодексте ластаушы заттардың шекті концентрациясы деген ұғым бар. Онда ауаның, судың, топырақтың сапасы қалай бағаланатыны, дыбыстың да шекті деңгейі көрсетілген.  

Жаңа кодекске сәйкес, сол шекті концентрациялардың мөлшерін қайта қарау көзделген. Бұған дейін оларды Денсаулық сақтау министрлігі бекітетін. Енді ол мәселе жыл соңына дейін Экология министрлігінің құзырына өтіп, олар сол экологиялық нормативтерді биыл бекіту керек.

Тәжірибешіл экологтар қауымдастығының төрайымы Лаура Мәлікованың айтуынша, 2020 жылдың соңынан бастап халықаралық грант аясында жүргізіп жатқан өңірлік жобасы бар. Оның мақсаты Орталық Азия елдеріндегі ауа сапасының мониторингін жасайтын гидрометтердің потенциалын жақсарту. Осы жоба аясында мамандарды оқытып, Финляндияның сарапшыларын шақырып, тәжірибесімен алмасқан. Сөйтіп, жоба аясында аналитикалық есеп дайындалған.

Нәтижесінде Қазақстандағы ауа сапасын жасайтын әдістемелер, Еуропа мен АҚШ сарапшыларының ұсыныстары – бәрі баяндама түрінде жасалған.

Мәселен, ауа сапасына қатысты айталық. Қазақстанда оны бағалайтын Кеңес Одағынан қалған стандартты, жиі қайталанатын және атмосфераның ластану индексі дейтін үш түрлі индикатор бар. Сол бойынша ауаның сапасы анықталып, концентрациясы қандай екені нақтыланады. Сосын оның шекті нормаға сай келетіні, қандай градацияға жатқызылатыны тексеріледі. Бұл Одақ кезінен қалған әдістеме.

Ал әлемде қазір ауа сапасының индексі (AQI) деген индикатор қолданылады. Оның әдістемесі басқаша. Қазақстан да Біріккен ұлттар ұйымының қаржыландыруымен соған ауысуы керек. Қазақстанның оған қалай көшетіні, ол индикаторды қалай енгізетіні бойынша аталған қауымдастық Жол картасын жасаған.

Лаура Мәлікованың айтуынша, ол көп жыл бойы жасалатын еңбек. Мысалы, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ауа сапасының адам денсаулығына әсері бойынша жүргізетін ғылыми зерттеулері бар. Ол он жылдай жүргізіледі. Соның нәтижесінде 2005 жылы ауаның құрамындағы негізгі 5 ластаушы зат бойынша концентрациясы қандай болу керек екені жөнінде ұсыныстарын берген.

Одан соң 2005-2020 жылдар аралығында да зерттеулерін жүргізіп, ауаның құрамындағы pm2.5 және pm10 деген заттардың адам денсаулығына орасан зиян келтіретіні анықталған. Сөйтіп, 2020 жылы сол заттардың концентрациясына қойылатын ұсыныстарын қатаңдатқан.

Ол біздегі концентрацияға қойылатын талаптардан 2-3 есе жоғары. Сондықтан оған бірден өте алмаймыз. Сол үшін өтпелі кезең ретінде шекті нормалардың концентрациясы көрсетілген. Яғни, соқырға таяқ ұстатқандай дайын жұмыс жасалып тұр, дейді маман.

Қауымдастық басшысының айтуынша, одан бөлек дамушы 30 елдің (Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы) экология бағытында әр жылы жасайтын сараптамалық баяндамалары бар. Солар 2020 жылы Жапонияның тәжірибесін келтіріп, ауа сапасы қалай бақыланатыны, шекті рұқсат етілген деңгейі қандай екенін түгел жазып қойған.

Осы аталған жұмыстың бәрі былтыр Экология министрлігіне берілді. Ол кезде министр Серікқали Брекешев, ал қазіргі министр Зүлфия Сүлейменова осы бағыт бойынша вице-министр болатын. Біздің іс-шарамызға қатысқан жоқ, жұмысқа да шықпайды екен. Бірақ осы бағыт бойынша вице-министр болған соң осының бәрін білуге міндетті, – дейді ол.

Енді соған қарамастан, Экология министрлігі Ғылым және жоғары білім министрлігіне экологиялық нормативтерді бекіту, сол үшін осы бағытта ғылыми зерттеу жүргізуге қаржы бөлу жөнінде сұраныс жіберіп отыр. Оны Ғылым комитеті төрағасының 2023 жылғы «19» маусымдағы № 92-нж бұйрығымен бекітілген 2023-2025 жылдарға арналған конкурстық құжаттамасынан білуге болады.

Онда көзделген мақсат орындалуы үшін, мынадай шаралар орындалуы қажет: «ҚР, Еуропалық Одақ, АҚШ, Жапония заңнамалық және құқықтық базасын, сондай-ақ құқық белгілейтін халықаралық құжаттар мен ережелерді, ҚР, ЕО, АҚШ, Жапония шаруашылығының түрлі салаларында экологиялық нормалар мен құжаттардың талаптарын орындауды ұйымдастыруға және қамтамасыз етуге қатысты зерделеу».

Ал бағдарламаның қаражаты 704 504 мың теңге, оның ішінде: 2023 жылға – 263 303 мың теңге, 2024 жылға – 441 201 мың теңге.

Қауымдастық басшысы оны абсурд деп санайды. Себебі, дайын тұрған материалдарды қолдана берудің орнына сұраныстың ішінде соларды қайта жасап шығу көрсетілген. Мәселен, Қазақстандағы ауа сапасының мониторингін жасау, Жапония, Еуроодақ және АҚШ-тың тәжірибесі дегеннің бәрін Тәжірибешіл экологтар қауымдастығы жасап қойған. Ол үшін бюджеттен бір де бір тиын алмаған. Әрі оның бәрі AQCA онлайн-платформасында жарияланып тұр, көшіріп ал да пайдалана бер.

Оның қасында, орман шаруашылықтарының материалдық жағдайын жақсартуға, «Қоршаған ортаны қорғау» ақпараттық-талдау талдау орталығының, сондай-ақ министрлікке қарасты экология департаменттерінің жұмысына қаржы жетіспей жатқаны алаңдатуы тиіс еді. Солай етудің орнына, жасалып қойған жұмысқа 704 млн теңге бөлдіру ақша жымқырудың амалы ғана, – дейді Лаура Мәлікова.

Осы жағдай бойынша қауымдастық өкілі Антикорға, Жоғары аудиторлық палатаға және Президент әкімшілігіне де шағым түсіріп, сол құжаттың бәрін апарып берген.

Біз бұл мәселеге қатысты министрліктің өзіне ресми сауал жолдадық. Қомақты қаражаттың қаншалықты ақылғаи сай жұмсалып жатқанын түсіндіріп береді деген үміттеміз.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама