Оларға 162 млн теңге жымқырды деген айып тағылды
БҚО Теректі аудандық соты «Теректі – таза су» мемлекеттік кәсіпорнының лауазымды тұлғаларына қатысты үкім жариялады, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Сот үкімімен кәсіпорын директоры 7,5 жылға және бас есепші 7 жылға бас бостандығынан айырылды. Екеуі де өзіне және ұйым қызметкерлеріне жалақыны артық аудару, сондай-ақ жеткізушілерге нақты орындалмаған жұмыстар үшін бюджет қаражатын негізсіз аудару арқылы 162 миллион теңге көлеміндегі бюджет қаражатын жымқырды деп айыпталды.
Сотталғандар өмір бойы мемлекеттік қызметте, жергілікті өзін-өзі басқару органдарында, қаржы ұйымдарында және квазимемлекеттік секторда лауазымдарды атқару құқығынан айырылды.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.