Атырауда әскери машина сатпақ болған тұрғын ұсталды

Айнұр Асылбекқызы

12 сәуірде БРДМ-2 сатылмақ болғаны хабарланған

скриншот: видео

Атырауда 35 жастағы ер адам заңсыз брондалған барлау-шолғыншы машинасын (БРДМ-2) сатуға тырысқан. Бұл туралы 12 сәуірде полицияға хабарланған. Облыстық полиция 1986 жылы туған азаматқа тиесілі әскери машинаны тауып, тәркілеген.

Қазір аталған факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 386-бабы 1-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде. Ал күдіктіге қатысты ешқайда кетпеу және тиісті мінез-құлық туралы қолхат түрінде бұлтартпау шарасы таңдалды.

Айта кетейік, Атырау облысы полиция департаменті атыс қаруларымен, оқ-дәрі және жарылғыш заттармен жасалатын қылмыстардың алдын-алу үшін, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында 25 сәуірден бастап халықтан заңсыз сақталған атыс қаруларын, оқ-дәрілерді және жарылғыш заттарды сатып алу акциясын жүргізуде. Өз еркімен өткізген әрбір қару мен оқ-дәрілерге және жарылғыш заттарға 100 айлық есептік көрсеткішке дейін сыйақы белгіленген.