Әлеуметтік кеселдің түп тамыры нашар отбасыдан басталады – президент
Үйдегі зорлық-зомбылықтың салдарынан 300 адам көз жұмған
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ІІМ-нің алқа мәжілісінде отбасындағы тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу жұмысының тиімділігін арттыруға ерекше назар аудару қажеттігін айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Президент статистиканың көңіл көншітпейтінін атап өтті. Соңғы 2,5 жылда үйдегі зорлық-зомбылықтың салдарынан 300 адам көз жұмды. Денсаулыққа ауыр зиян келтірудің 878 фактісі және орташа зиян келтірудің 808 фактісі тіркелген. Осындай құқықбұзушылықтар бойынша 37 мыңнан аса адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
Жағдайды түзеу үшін алдын алу шараларын кешенді түрде жүргізу қажет. Бұл жерде учаскелік инспекторлар шешуші рөл атқарады. Уақтылы шаралар қабылданса, отбасылық және тұрмыстық ұрыс-керіс кезінде жасалған қылмыстардың көпшілігінің алдын алуға болар еді. Яғни біреудің өмірі мен денсаулығын сақтап қалар едік. Мұны тәжірибе көрсетті. Қоғам сіздерден отбасындағы тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы тиімді әрі жүйелі іс-әрекет күтеді. Бұл мәселе әділетті мемлекет құру үшін өте маңызды. Көптеген әлеуметтік кеселдің түп тамыры, соның ішінде қылмыс көбіне тұрмысы нашар отбасылардан бастау алады. Мұндай отбасылардағы зорлық-зомбылықтар балалардың сана-сезіміне және психикасына кері әсерін тигізеді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Бұған қоса мемлекет басшысы құқық қорғау органдары адамдардың құндылықтар жүйесі мен мінез-құлық моделін өзгертуде шешуші рөл атқаруы қажеттігін айтты.