Жеңіс Қасымбек биыл Астана күнінде неге отшашу болмайтынын түсіндірді
Астаналықтардан талап болмаған
Елорда әкімі Жеңіс Қасымбек биыл қала күнінде неге отшашу болмайтынын түсіндірді, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Орталық коммуникациялар қызметінде журналист қала әкіміне «Астана күніне орай отшашу ұйымдастырылмағанына бірнеше жыл болды. Бұған дейін пандемияға байланысты отшашу өткізілмеген еді. Енді неге (отшашудан) бас тартып отырсыздар? Бұл Нұрсұлтан Назарбаевты еске салатыны үшін бе?» деген сұрақ қойды.
Жеңіс Қасымбек мұның тұңғыш президентке қатысы жоқтығын атап өтті.
Биыл біз отшашуды жоспарлаған жоқпыз. Сондықтан сіз айтқанмен (Нұрсұлтан Назарбаевпен, – автор) байланыс жоқ. Қала халқы мұны сұрамады. Осыған байланысты (отшашу) болмайды, - деді қала әкімі.
Бұған дейін Астана қаласының әкімдігі елорда күніне орай отшашу болмайтынын хабарлаған еді.