×

Қостанайлықтарды Украинадағы соғысқа қатысуға шақырғандар анықталды

Облыстық прокуратура тұрғындарға үндеу жасады

 Динара Амантай 30.06.2023 | 11:35
Фото: el.kz

Қостанай облысында Украинадағы қақтығысқа қатысу үшін жергілікті тұрғындарды іріктеу әрекеттері тіркелген, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Облыстық прокуратураның мәліметінше, соңғы уақытта әлеуметтік желілерде Ресей Федерациясы мен Украина арасындағы қақтығысқа қатысты материалдар (жарияланымдар, бейнесюжеттер, посттар, пікірлер) белсенді жарияланып жатыр. Бұл ретте олардың кейбіреуі Қазақстан азаматтарын қақтығысқа қатысуға шақырумен, қасақана арандатушылық сөздермен және екі тарап азаматтарының ұлттық ар-намысы мен қадір-қасиетін қорлау белгілері бар көрінеу жалған ақпаратпен сүйемелденеді.

Әлеуметтік желілердің кейбір пайдаланушысы, соның ішінде Қазақстан азаматтары болып жатқан оқиғаларға көпшілік алдында пікір білдіре отырып, ел аумағының тұтастығына қатысты сепаратистік үндеулер орналастырып жатыр. Сонымен қатар Қостанай облысының аумағында Украинадағы қарулы қақтығысқа қатысу үшін Ресей Федерациясының аумағына жергілікті тұрғындарды іріктеу әрекеттері тіркелген. Бұл әрекеттерге Қазақстан Конституциясымен, халықаралық-құқықтық құжаттармен тыйым салынған.

Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, азаматтардың құқығы мен бостандығын қорғау, қоғамдық-саяси жағдайды тұрақсыздандыруға жол бермеу мақсатында бұқаралық ақпарат құралдарында және әлеуметтік желілерде осындай арандатушылық сөздер мен үндеулерге берілмеуге шақырамыз. Қазақстан азаматының шет мемлекет аумағындағы әскери іс-қимылдарға қасақана заңсыз қатысуы, сол сияқты ұлттық араздықты қоздыруға бағытталған қасақана іс-әрекеттер, бұқаралық ақпарат құралдарын немесе телекоммуникация желілерін пайдалана отырып, Қазақстанның тұтастығын, оның аумағына қол сұғылмаушылық пен бөлінбеушілікті бұзуға жария түрде шақыру қылмыстық, жазаланатын іс-әрекеттер (ҚР ҚК-нің 172, 174, 180-баптары) болып табылатынын және 10 жылға дейін бас бостандығынан айыруға әкеп соғатынын түсіндіреміз, – делінген хабарламада.

Бұған қоса, прокуратура ҚР ҚК-нің 274-бабына сәйкес, қоғамдық тәртіпті бұзу, азаматтардың немесе ұйымдардың құқығы мен заңды мүдделеріне, қоғамның немесе мемлекеттің заңмен қорғалатын мүдделеріне елеулі зиян келтіру қаупін туғызатын көрінеу жалған ақпарат тарату үшін, оның ішінде бұқаралық ақпарат құралдарын немесе телекоммуникация желілерін пайдалана отырып жасалған дәл сол әрекеттер үшін 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру көзделгені туралы ескертті.

Жоғарыда айтылғандардың негізінде азаматтар мен бұқаралық ақпарат құралдарын, әлеуметтік желілерді пайдаланушыларды жоғарыда аталған кез келген құқықбұзушылықтарды жасаудан бас тартуға, осындай арандатушылық сөздер мен үндеулерге жол бермеуге және олардың алдын алуға шақырамыз, – деді прокуратура өкілдері.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама