Қарағанды облысында 5 млрд теңгеге заңсыз мемлекеттік сатып алулар тоқтатылды
33 лауазымды адам жауапқа тартылған
Облыс прокуратурасы 2023 жылдың бірінші жартыжылдығында атқарылған жұмыстарды қорытындылады, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Қарағанды облысының прокуроры Бауыржан Мырзакеровтің төрағалығымен 2023 жылдың бірінші жартыжылдығындағы жұмыс қорытындысы бойынша облыс прокуратурасының кеңейтілген алқа отырысы өтті.
Прокурорлар 3 мыңнан аса кәсіпкерлік субъектілерінің құқығын қорғап, оларға 97 млн теңгеден аса қаржыны қайтарғанын, 119 қадағалау актісі енгізіліп, 33 лауазым иесінің жауапқа тартылғанын алға тартты. Екі кәсіпкерге елден шығуына қойылған негізсіз шектеулер және 6 кәсіпкердің мүлкіне заңсыз салынған тыйымдар алынып тасталды. 10 кәсіпкердің құқығы қорғалып, заңсыз қозғалған қылмыстық істер тоқтатылды. Нәтижесінде кәсіпкерлерден түсетін шағымдардың 40 пайыз (205-тен 126-ға дейін) төмендеуіне қол жеткізілген.
Активтерді қайтару бойынша жалпы құны 51 млрд теңге болатын 18 кәсіпорынды жекешелендірудің кешенді жоспарынан шығару бойынша шаралар қабылданды. Заңсыз берілген 37 жер учаскесі мемлекетке қайтарылды. Сондай-ақ салық есептілігінде 2,9 млрд теңгеге капитал шығарғанын көрсетпеген 20 кәсіпорын анықталды.
Жалпы, өткен жылмен салыстырғанда қадағалаудың барлық бағыттары бойынша оң көрсеткіштер байқалады. Өңірде қылмыс 20 пайыз азайған. Бірде-бір ақтау үкімі шығарылған жоқ. Азаматтардың конституциялық құқығын бұзу 5 есе азайды.
Қадағалау актілері бойынша 911 млн теңге өндірілсе, оның ішінде мемлекет кірісіне 640 млн теңге және жалпы сомасы 1,3 млрд теңге болатын мүлік қайтарылды.
Бұған қоса, 130 млн теңге әкімшілік айыппұлдар өндіріп алынған. 5 млрд теңгенің заңсыз мемлекеттік сатып алулары тоқтатылды. Ден қою шаралары нәтижесінде 90 мыңнан аса азаматтың құқығы қорғалды.
Жұмыс қорытындысын шығара отырып, Бауыржан Мырзакеров облыс прокуратурасының басым міндеттерін айқындап, заңдылықты нығайту, азаматтардың конституциялық құқығын, қоғам мен мемлекеттің мүддесін қорғау бойынша кешенді шараларды уақтылы қабылдауды тапсырды.