×

«Кеңестік идеологиямен жасалған»: Қазақстанда өңірлік нышандардың ережесі жоқ

Сарапшының айтуынша, өңірлік нышан мәселесін саясиландырудың қажеті жоқ

 Айнұр Шошаева 30.06.2023 | 09:52
Коллаж: Halyq Uni

Қазақстандағы өңірлік нышандардың бірыңғай ережесі мен тәртібі жоқ. Соның салдарынан еліміздің 20 өңірінің нышаны әркелкі болып отыр, деп хабарлайды Halyq Uni

Геральдика саласы бойынша тәуелсіз сарапшы Асылбек Баяжұманың сөзінше, былтыр Қазақстанның Геральдикалық зерттеулер орталығы өңірлік нышандардың ережесін әзірлеген. 

«Өкінішке қарай, нышандардың көбі кеңес одағының идеологиясымен жасалған. 1990-жылдары, тіпті бертінде жасалғандары бар. Бірақ оның ішінде мемлекеттік, ұлттық деңгейдегі нышандар жоқ деуге болады. Осыны ретке келтіру мақсатында Қазақстанның Геральдикалық зерттеулер орталығы өңірлік нышандарды қабылдаудың ережесін әзірлеген болатын. Мысалы, бір өңірге жаңа әкім келсе, өзіне ұнамаған өңірлік нышанды «мынаны өзгертіндер» деп тапсырма беріп, өзгерте салады. Осыны болдырмау мақсатында ережеге нышанды конкурс жариялау арқылы өткізу, оған кем дегенде 2-3 жыл тәжірибесі бар суретшілер қатысуы керек, жеңімпаз болған нұсқаны қоғамдық кеңесте талқылау керек деген талабы бар-тын. Қоғамдық талқылаудан соң Мәдениет және спорт министрлігінің Архив істері жанындағы сараптамалық кеңеске жолдайды. Онда қаралып, айтылған ұсыныс-пікірлерді ретке келтіріп барып, сол өңірдің мәслихаты бекітетін ереже дайындап бердік», – деді ол. 

Жарты жылдан астам уақыт өтсе де, бұл ереженің қабылданбағанын айтады. Құжат болса, өңірлік нышандарда бірізділік болады деп есептейді. 

Ереже болған кезде кім көрінгеннің қалай болса, солай өңірлік нышанды өзгертуіне жол берілмейді. Сонымен қатар нышанға ескерткіштер мен жануарлардың суретін салып қою немесе мемлекеттік рәміздердің элементтерін қоюға тыйым салу керек деп жазған едік. Мәселен, Астананың нышаны болса, осы қаланың ерекшелігін көрсететін мағыналы болуға тиісті, – деп қосты ол. 

Сонымен қатар сарапшы өңірлік нышан мәселесін саясиландырудың қажеті жоқ деген пікірде. 

«Жалпы, бұған өте үлкен саяси мән берудің қажеті жоқ. Түркия, Қытай және басқа да мемлекеттерді зерттеп көрдік. Мысалы, 1,5 млрд-тан астам халқы бар Қытайда бір ғана ту бар. Барша қытай соған бағынады. Сол сияқты Моңғолияда таным белгі деп айтады. Онда әр облыстың бір ғана өңірлік нышаны бар, ал аудан мен ауылдарда жоқ. Демек, мәселен Ақмола облысын алсақ, онда бір ғана нышан болуы керек, ал облыстағы 17 ауданның бас-басына нышан керек емес деген сөз. Сол сияқты қырғыздың көп облыстарында өңірлік нышандар жоқ. Сондықтан бұл мәселеге саяси реңк пен ресми мәртебе беріп, «төлтаңба» деп атайық деп былтыр біраз әңгіме болды. Біз мұндай бастамаға қарсы шықтық», – деді маман. 

Еске сала кетейік, биыл Ұлытау облысының өңірлік нышанына қатысты дау туындаған болатын. Облыс әкімдігі халықтың наразылығынан соң, жеңімпаз деп танылған нәтижені жарамсыз деп танып, қайтадан конкурс өткізіп, жаңа нұсқасын таңдады. 

Соңғы құрылған Жетісу, Абай мен Ұлытау облыстарының жасаған өңірлік нышандары қоғамда үлкен резонанс тудырды. Ол - ереже болмаған соң, туындаған дау. Ереженің мәтіні дайын, орталық тиісті мемлекеттік органға жіберді. Тым болмаса министрдің бұйрығымен бекітуге тиіс. Былтыр бекітіп бергенде бәлкім Ұлытау, Жетісу облыстарының нышандарына қатысты жағдай болмас еді. Яғни белгілі тәртіп, қоғаммен келісіп жасап, мықты суретшілерді тартса, дұрыс нышан шығар еді. Орталық былтыр облыстардың нышандарына мониторинг жүргізіп, ауқымды жұмыс істеді. Әр өңірдің нышандары бойынша тиісті ақпаратты талдауымен бірге Архив ісі комитетіне тапсырған болатын. Әрі қарай мемлекеттік органның әр облысқа хабарласып, «мынаны өзгертіңдер» деуге құзыреті жетпейді, – дейді Асылбек Баяжұма. 

Бұған қоса, сарапшы кейбір өңірдің нышаны Ресейдің гербіне ұқсайтынын атап өтті. 

«Идеологиляық тұрғыдан ескірген, тіпті Ресейдің гербіне ұқсайтын эмблемалар бар. Жалпы әр өңірдің Ішкі саясат басқармалары мониторинг жүргізіп, қоғамды шулатпай заң мен ережені негізге алып реттеуі керек. Қазір бұл жұмыс жүргізіліп жатқан жоқ. Егер жарғысына өзгеріс енгізіп, құзірет беретін болса, Геральдикалық зерттеу орталығы 20 өңір тұрмақ, оларға қарасты барлық аудандар мен ауылдардың нышандарын реттеуге болады. Мысалы, Ресейде солай, Президент жанындағы геральдикалық кеңес бар. Оған барлық өңірлік гербтер келіп түседі, сараптап куәлік тапсырады. Қазақстанда осы жүйені енгізуге болады. Сонда әркім бас-басына би болмай, өңірлік нышан мәселесі орталықтандырылады», – деді ол. 

Жалпы геральдика саласы Еуропа, көрші Ресейде жақсы дамыған. Ал Орталық Азия үшін тың ғылым саналады, бүгінде елімізде геральдист маман жоқ. 

Ресейдің геральдикалық жүйесі бізге келмейді. Біз тарихи таңбаларымыздан мемлекеттік рәміздерге дейінгі аралықты қамтитын қазақ геральдикасын зерттеуіміз керек. Негізі бұл орталықтың Орталық Азияда баламасы жоқ, тек қана Қазақстанда бар. Сол себепті оның құзыретін күшейті үшін Архив істері комитетінің қарамағынан алу керек. Мысалы, Еуропа елдерінің барлығында геральдикалық орталықтар немесе кеңестер тек қана президентке немесе корольға бағынады. Бізде президентке бағынбаса да, Мәдениет министрлігінің жанынан құрылып, ұлттық ою, өңірлік нышандар, ведомстволық наградаларды талдап, сараптап, зерттейтін орталыққа айналса дейміз. Сондай-ақ мемлекеттік рәміздерді насихаттау жұмысын толық қаражатымен бірге осы орталыққа беру керек, – деп қорытындылады Асылбек Баяжұма.

Айта кетейік, мемлекеттік рәміздерге құрметпен қарауды қалыптастыру және ведомстволық наградалардың геральдикалық сипаттамасын жетілдіру жөніндегі ұсыныстар әзірлеу мақсатында Мәдениет және спорт министрлігі Архив істері және құжаттаманы басқару комитеті жанынан Геральдикалық зерттеулер орталығы құрылған.

Орталық базасында мемлекеттік рәміздерді зерделеу, насихаттау және қолдану, мемлекеттік стилді қалыптастыруда мемлекеттік саясатты іске асыру бойынша түрлі іс-шаралар өткізілетін болады. Сондай-ақ мемлекеттің өзін-өзі сәйкестендіру процестерін және геральдикалық белгілерді қолдану жөніндегі халықаралық тәжірибені зерделеу бойынша да іс-шаралар кіреді. Қазір орталық наградаларды сипаттау мен марапаттау негіздеріне қойылатын бірыңғай талаптарды әзірлеу бойынша жұмыс істап жатыр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама