Ұлтын анықтайтын мекеме жоқ: Қандас деп бауырға басқандардың бәрі қазақ па?
Ал арнайы құрылған комиссия жұмысы тоқтатылған
Бүгінде қандастардың этникалық қазақ екенін дәлелдеу проблемасы шешілмей келеді. Аталған мәселе Түркия, Ауғанстан, Пәкістан, Сауд Арабиясы және Иран қазақтары үшін өте өзекті болып отыр, деп хабарлайды Halyq Uni.
ҚАЗАҚ ЕКЕНІН ДӘЛЕЛДЕЙ АЛМАЙ ЖҮР
«Қазақстанға қоныс аударғандардың барлығының қазақ екендігі күмән тудырмай ма» деген сауылымызға жауап берген «Отандастар қоры» КеАҚ Ақпараттық талдау департаментінің басқарушы директоры Нұрхан Жалиев төлқұжатында ұлты көрсетілмеуімен байланысты қандастарға өзінің қазақ екенін дәлелдеу қиынға түсетінін айтады. Оның айтуынша, мұндай мәселе Түркия, Ауғанстан, Пәкістан, Сауд Арабиясы және Иран қазақтары үшін өте өзекті болып отыр.
Осыған байланысты 2021 жылы Сыртқы істер министрлігі дипломатиялық мекемелерінде арнайы комиссия құрған. Бірақ Ауғанстан елінде тәлібтердің билікке келуінен соң, «күмәнді» адамдардың Қазақстанға кіріп кетуінің алдын алу мақсатында Ұлттық қауіпсіздік комитетінің ұсынысымен комиссия жұмысын тоқтатуға мәжбүр болды. Қазіргі таңда ұлтының қазақ екендігін растау үшін қайда жүгінуі керектігін сұраған қандастардың қатары көбейіп отыр, – дейді Нұрхан Жалиев.
Ол аталған мәселені біржақты шешу үшін мүдделі мемлекеттік органдармен қатар ҰҚК-нің өкілдерін енгізіп, ұлтын анықтауға қатысты шешімді алқалық негізде қабылдайтын арнайы Комиссияны қайта құруды жеделдету туралы Үкіметке ұсыныс беру керектігін атады. Сыртқы істер министрлігінің мәліметіне сәйкес, Ауғанстан аумағында қазір 200-ге жуық этникалық қазақ тұрады.
3-4 жыл бұрын Ауғанстанда билік ауысқан соң, комиссия жұмысы тоқтатылған. Қазір осы бағыт бойынша үлкен мәселе бар. Біздің қор комиссия жұмысын жандандыру бойынша ұсыныс айтып келеді. Ал өзге ұлт өкілдерінің Қазақстанға кіріп кетуі соншалықты қауіп төндіреді деп айта алмаймын. Өйткені ондай жағдай әлі болған жоқ, – дейді Нұрхан Жалиев.
«АТА ЖОЛ» КАРТАСЫ КІМДЕРГЕ ТИІМДІ
2023 жылдың шілдесінен бастап шет елдердегі этникалық қазақтарға арналған «Ата жолы» картасы іске қосылады. Аталған карта Қазақстанға кәсіпқойлар мен табысты бизнесмендерді тартуға басымдық береді.
Halyq Uni сөйлескен сарапшылар картаның тек кәсіпкерлерге ғана емес, келуге ниетті шетел қазақтарының барлығына тең мүмкіндік ретінде берілгені оңтайлы деген пікірде.
Қандастар мәселесі бойынша сарапшы Нұрхан Жалиевтің айтуынша, Қазақстанға нағыз қажетті мамандардың көшуін ынталандыруды нарық талаптары өзі реттеуге тиіс.
Кәсіпкерлерге басымдық беретін «Ата жолы» картасы белгілі бір категориялармен шектелмей, шеттен келетін қазақтардың барлығына берілуін қолдаймыз. Жоба аясында кәсіпкерлер мен түрлі мамандық иелеренің келуі құптарлық. Алайда мұндай шектеулерден жалпы қазақ келе алмайды, – дейді Нұрхан Жалиев.
Оның айтуынша, биыл шетелдік азаматтар үшін Қазақстанда тұрақты тұруға рұқсат алу үшiн сұранысқа ие 21 мамандық саласын тізімге қосылған. Сұранысқа ие кәсіптері бар шетелдіктер өздерінің төлем қабілеттін растамай, ішкі істер органдарында оңайлатылған тәртіппен тұруға рұқсат ресімдей алады.
Тізім бойынша денсаулық сақтау, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар, инженерия, ғылым салаларының мамандарына басымдық береді. Бұл тізім 2005 жылы 40-қа таяу мамандықты қамтитын. Қазақ болуы мідеттелмегендіктен кез келген шетел азаматы келе береді. Министрлік қажет тізімді жыл сайын арттырғаннан гөрі, мұндай қажеттіліктерді нарықтық қатынас өзі реттеп отырғаны жақсы, – деп пікір білдірді ол Halyq Uni тілшісіне.
Карта шетелде тұратын этникалық қазақтарға азаматтығын сақтай отырып берілетін болады. «Ата жолы» картасы бар этникалық қазақтың қандастардан айырмашылығы – ол басқа елдің азаматы бола тұра Қазақстан Республикасының азаматтарымен және қандастарымен тең құқыққа ие.
Дүниежүзі қазақтарының V құрылтайынан кейін қабылданған Шетелдегі этникалық қазақтарды қолдау жөніндегі 2018 - 2022 жылдарға арналған іс-шаралар жоспары былтыр аяқталды. Осы орайда «Отандастар қоры» КеАҚ этникалық қазақтарды және шетелдегі отандастарды мәдени-гуманитарлық қолдау жөніндегі іс-шараларды жалғастырып, мүдделі органдар мен ұйымдардың қызметін жүйелеу және өзектендіру мақсатында «Шетелдердегі этникалық қазақтарды қолдау жөніндегі 2023-2027 жылдарға арналған іс-шаралар жоспары» ҚР Үкіметі қаулысының жаңа жобасын әзірлеп, қабылдау жөнінде Үкіметке ұсыныс бермек.
Жоспар аясында Қазақстанда білім алуға қандас жастарын тарту және шетелде тұратын қазақ жастарымен өзара іс-қимыл жасау, этникалық бірегейлігін сақтап қалу үшін жағдай жасау, шетелде айтулы жетістіктерге жеткен тұлғаларды Қазақстанға тарту сынды бірқатар бағыттарды қамту қарастырылған.
3 МЫҢ ГРАНТ ИГЕРІЛМЕЙ ОТЫР
Сонымен бірге мемлекеттік квота негізінде қандастарға бөлінетін гранттардың тиімді игерілмеуі де үлкен мәселеге айналған. Қор ұсынған дерекке сүйенсек, 4 пайыздық мемлекеттік квота негізінде бөлінген гранттар саны 2 920 болғанымен, оның игерілу көрсеткіші 25%-ға да жетпейді.
Оның басты себебі, қазақстандық түлектерге арналған 11 жылдық оқу бағдарламасы негізінде әзірленген Ұлттық Бірыңғай Тест жүйесін қандастар аз уақытта меңгеріп үлгермейді. Сондықтан ҰБТ тапсыру оларға қиынға соғады. Бұл олардың сауаты аз, қабілеті төмен дегенді білдірмейді. Дайындық курстарынан өткен күнде де олар тіл мен жазуды ғана үйреніп үлгереді. Осы орайда, қандастарды ЖОО қабылдау механизмін стипендиялық бағдарлама арқылы, яғни, ҰБТ тапсырудың орнына сұхбаттасу, әнгімелесу немесе түрлі олимпиада мен конкурстардың нәтижелерімен оқуға қабылдау тетігіне ауыстыруды ұсынамыз. Немесе солтүстік облыстардың ЖОО-на ҰБТ-сыз түсу мүмкіндіктерін қарастыру қажет, – дейді «Отандастар қоры» КеАҚ Ақпараттық талдау департаментінің басқарушы директоры Нұрхан Жалиев.
Соңғы санақ бойынша, 2022 жылы 13 362 этникалық қазақ тарихи отанына оралып, қандас мәртебесін алған. 1991 жылдан бері Қазақстанға барлығы 1 миллион 101,2 мың этникалық қазақ оралды.
Елге келген қандастардың жартысынан көбі 68,7%-ы Өзбекстаннан, 10%-ы Қытайдан, 7,9%-ы Түркіменстаннан, 4,6%-ы Моңғолиядан және 8,8%-ы басқа елдерден қоныс аударған.