Halyq Uni логотип
×

ДСМ жазда қазақстандықтарды сақ болуға шақырды

Диареяның алғашқы белгілері байқалса, медициналық қызметке жүгініңіз

 Дәурен Ерболат 29.06.2023 | 17:29
ДСМ жазда қазақстандықтарды сақ болуға шақырды
Фото: exclusive.kz

Жазда жұқпалы аурулар кең тарайды, сондықтан сақ болыңыздар, деп хабарлады ДСМ Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті.

Жаз басталысымен жіті ішек ауруларына шалдығу мен тамақтан улану жағдайлары күрт өседі. Жұқпалы аурулар тудыратын микроорганизмдер лас жерде тез көбейіп, ауруды тез таратады. Жіті ішек инфекциялары жеке және қоғамдық гигиена шараларын сақтамағанда жұғады, - деп жазылған комитет таратқан хабарламада.

Ішек инфекцияларының қоздырғыштары адам ағзасына лас сумен немесе ластанған тамақпен, ыдыс-аяқ, ойыншықтар арқылы түседі.

Ауру белгілері – жиі іш өту, құсу, асқа тәбеттің болмауы, дене қызуының көтерілуі, әлсіздік. Ауруға негізінен балалар көп шалдығады.

Биыл 5 айдың қорытындысы бойынша Маңғыстау облысында жіті ішек ауруларының 55 дерегі тіркелді. Оның 54,5%-ы – 14 жасқа дейінгі балалар. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда, ауру көрсеткіші 1,3 есе өскен.

Жіті ішек ауруынан сақтану жолдары төмендегідей:

  • Жеке және қоғамдық тазалықты сақтаңыз;
  • Серуеннен және дәретханадан кейін, ас ішердің алдында қолды сабындап жуыңыз;
  • Кір ыдыс-аяқты, төсек жабдықтарын, ойыншықтарды пайдаланбаңыз;
  • Жеміс-жидек, көкөністерді мұқият жуып жеңіз;
  • Ішуге тек таза немесе қайнаған суды пайдаланыңыз;
  • Фонтандарда және басқа да ашық су айдындарындағы суды ішпеңіз, оны
  • жуынуға, көкөніс, жемісті жууға немесе тағы басқа мақсатқа пайдаланбаңыз.
  • Тағамдарды күмән тудыратын сауда орындарынан сатып алмаңыз;
  • Сатып алу алдында тағамдардың жарамдылық мерзіміне назар аударыңыз;
  • Базарлардан сатып алған көкөністерді жумай жемеңіз;
  • Қарбыз, қауынды сатып алғанда кеспей тұрып, сыртын жуыңыз;
  • Тауық етін және жұмыртқасын әбден пісіріп, тамаққа пайдаланыңыз;
  • Тез бұзылатын тағамдарды тоңазытқышта сақтаңыз және уақытымен пайдаланыңыз;
  • Тағамдарды шыбыннан тағы басқа жәндіктерден қорғаңыз.

Жіті ішек ауруларының (диареяның) алғашқы белгілері байқалса, шұғыл түрде медицина қызметіне жүгініңіз!

Серіктес жаңалықтары

Сараптама