«Немерем өлім аузынан қалды». Қызылордада иесіз иттер қауіпке айналды

Халық үні

Облыста қаңғыбас және иесіз қалған үй жануарларына қамап ұстайтын питомниктер жоқ

фото: Halyq Uni

Қызылорда қаласының тұрғындары шаһарда иесіз иттердің көбейгенін айтады. Олар көліктерге абалап қана қоймай, адамдарға да жиі айбат шегеді екен. Ата-аналар сабаққа, балабақшаға баратын балалары үшін уайымдайды. Тіпті, ересектердің өзі көшеде емін-еркін жүре алмайтын жаңдайға жеткен. Алайда, жауапты органдар бұл мәселеге қатысты ешқандай шара қолданбай отыр.

Қаладағы «СПМК» мөлтек ауданының тұрғыны Болат Нұрхожаев немересінің қаңғыбас итке таланып, бір өлімнен аман қалғанын мәлімдеді. Айдың-күннің аманында қаңғыған иттің құрбанына айнала жаздаған немересінің жайын баяндап, қалада қауіпсіздік мәселесі күн тәртібіне шыққанын айтады.

«Дәл қазіргі уақыт иттердің ұйығатын уақыты. Яғни, бұл кезеңде адамға шабуылдау фактісі болуы мүмкін. Бұралқы иттердің қатарында төбелеске бейімдерін де көріп жүрміз. Ондай иттер адамға шапса арты жақсылыққа соқтырмайды. Сондықтан иелері иттерін қамап ұстауы керек. Ал иесіз иттерді аулау қажет. Өйткені алдын алу шаралары жүргізілмесе мұның соңы қайғылы оқиғаға соқтыруы мүмкін» - дейді ол.

Қалаға шетіндегі Тасбөгет кентінде де қаңғыбас иттер көбейіп барады. Бұл жайында кент тұрғындары айтып, мұңын шақты.

«Кентте күн санап қаңғыбас иттер көбейіп бара жатқаны байқалады. Бәрі иттерді атуға тыйым салынғанына байланысты болып тұр. Бүгінде аулада, балалардың ойын алаңында топтасып жүреді. Сол алаңда ойнайтын балаларымыздың қауіпсіздігіне алаңдаулымыз. Бүгінде бұл жағдай еліміздің барлық қалаларында болып отырғаны белгілі. Тіпті, қайғылы жағдайлар да болып жатыр. Соған қарамастан иесіз иттерге қарсы қандай да бір шара қолданылмай отырғаны түсініксіз. Ең болмағанда иесіз иттерді қамап ұстайтын орындардың жоқтығы қиындық туғызып тұр», - деді кент тұрғыны Сапарбек Ерімбетов.

Қала орталығындағы «Мерей» шағын ауданы тұрғындары да қаңғыбас иттерден қауіп төніп тұрғанын айтып, дабыл қағып отыр. Ұйыққан иттер мөлтек аудандағы көпқабатты үйлердің қуыс-қолтығын паналап, күшіктеп жатыр. Жағдай дәл осылай жалғаса берсе, келер жылы аймақта иесіз иттердің саны биылғыдан да артып, адам өміріне қаупі үдей түсе ме қорқыныш бар.

Жалпы соңғы жылдары өңірде қаңғыбас иттерден адамдардың зардап шегу фактісі жиілеп кеткен. Атап айтсақ, биыл аймақта 290 адам жануарлардан зардап шексе, оның 90 пайызы иесіз иттерге қатысты. Бұл жайында облыстық санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау департаменті мәлімдеп отыр.

Осы мәселе төңірегінде Қызылорда облыстық ветеринариялық басқармасына хабарласып, жай-жапсарды сұрадық.

«Жалпы елімізде «Қаңғыбас ит мысықтарды аулап жою, және серуендету қағидаларын бекіту туралы» Қызылорда облыстық маслихатының 2015 жылғы 18 наурыздағы №262 шешімімен бекітілген ереже шеңберінде иесіз иттерге қарсы шаралар қолдану жаңа заңға сәйкес күшін жойып отыр. Соған орай «жануарларды аулау, уақытша ұстау және жансыздандыру», «үй жануарларын серуендету қағидаларын бекіту туралы» ережелерге сәйкес жергілікті өкілдік органмен қағидалар қайта бекітіледі. Әзірге облыста қаңғыбас және иесіз қалған үй жануарларына қамап ұстайтын арнайы орындар мен панажайлар (питомниктер) жоқ. Алдағы уақыттта бекітілген ережелерге сәйкес, панажайлардың құрылысын салу мен қаңғыбас үй жануарларына қарсы күрес жұмыстары заңда белгіленген тәртіп бойынша атқарылмақ. Осындай заң нормаларын жүзеге асыру мақсатында Қызылорда облысының экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасына 625 млн теңге қаржы көзін қарастыру туралы бюджеттік өтінім берілді», - деп ведомство өкілі бізге мәлімдеді.

Жалпы басқарма тарапынан 2021 жылы облыс бойынша жануарлар мен адамдарға бірдей қауіпті жұқпалы аурулардың алдың алу мақсатында 24 мың 828 бас ит, мысықтар ауланып, көзі жойылған.

Ербақыт Жалғасбаев, Қызылорда облысы