Қарағанды тұрғыны үйінде есірткі зертханасын ұйымдастырған
28 шыны ыдыстағы өсімдіктердің қарасора екені анықталды
Қарағанды қалалық ПБ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл бөлімінің қызметкерлері «Қарасора» жедел алдын алу іс-шарасы барысында қала көшелерінің бірінен 52 жастағы азаматты ұстады, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Ол өз үйінде қарасора өсіріп жатқанын мойындады. Ұсталған азаматтың мекенжайынан полиция қызметкерлері құрамында есірткі бар өсімдіктерді баптайтын фитозертхананы анықтады. Тәртіп сақшылары оқиға орнынан канабис тұқымын, 28 шыны ыдысқа отырғызылған өсімдік бұтасын, канабисті ұрықтандыратын заты бар 40 ампуланы және ультракүлгін шамдарды тәркіледі.
Сараптама қорытындысына сәйкес, 28 шыны ыдыстағы өсімдіктердің қарасора екені анықталды.
Аталған дерекке қатысты ҚР ҚК-нің 300-бабына сәйкес қылмыстық іс қозғалды. Тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.