Алматылық жүргізушілерге құлаққағыс: «Сергек» жүйесіне тағы бір функция іске қосылды
Жалған нөмір таққан, рөлге ішімдік ішіп отырған жүргізушілер анықталып жатыр
Алматы қаласында «Қорғау Сергек» бағдарламасының көмегімен жалған нөмірлі көліктердің жүргізушілері анықталып жатыр.
Алматыда «Қорғау Сергек» жүйесі 2021 жылдың қараша айынан бастап пилоттық режимде қолданылып келеді. Алматы қалалық полиция департаментінің жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы, полиция полковнигі Манап Саттаровтың мәлімдеуінше, жүйе көмегімен жыл басынан бері жалған мемлекеттік нөмірмен жүрген (ҚР ӘҚбК-нің 590-бабы 3,4 бөлігі) 171 жүргізуші ұсталып, әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Көліктер айыппұл тұрағына қойылды. Сонымен қатар, өткен тәулікте арнайы жарық-дыбыс және дауысты сигналдарды заңсыз пайдаланған екі көлік жүргізушісі, 7 мас жүргізуші көлікті басқарудан шеттетілген.
Алматыда жалған мемлекеттік нөмірмен жүретін, көлікке арнайы белгі беру құрылғыларын орнатқан және көлікті мас күйде жүргізген адамдарды анықтап, жауапқа тарту жұмыстары жалғасып жатыр.
Өткен тәулікте қала жолдарындағы «Қорғау Сергек» жүйесі арқылы жалған нөмір пайдаланған 11 жүргізуші анықталған. Олар жалпы сомасы 12 миллион 680 теңгені құрайтын 790 құқық бұзушылық жасаған. Бұл көліктер арнайы айыппұл тұрағына қойылды.