Жәбірленуші тарапқа 12 млн теңгеге жуық залал өтелді
Ақтөбе облысында мас күйінде адам өлтірген жас жігіт сотталды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Ақтөбе облысы кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының мәліметңнше, абайсызда жәбірленушінің өліміне әкеп соққан денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтірген «Д»-ға қатысты қылмыстық іс қаралған.
Сотта анықталғандай, былтыр 20 желтоқсанда Шалқар ауданында 2006 жылы туған «Д» масаң күйінде оң аяғымен жеткілікті күшпен кәмелетке толмаған «Ж»-ның кеуде тұсынан теуіп, салдарынан соңғысы сол жерде қайтыс болған.
Жігіттің кінәсі куәлардың, сарапшының айғақтарымен, сараптама қорытындыларымен, іс жүргізу әрекеттерінің хаттамаларымен және заттай дәлелдемелермен расталды. Сотталушы кінәсін ішінара мойындады.
Сот үкімімен «Д» кінәлі деп танылып, оған 8 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындалды және жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің орташа қауіпсіздіктегі мекемелерінде өтеу белгіленді.
Сонымен бірге сотталған адамнан жәбірленуші тараптың пайдасына 10 млн теңге моральдық залал, 1 млн 679 мың 90 теңге материалдық және 200 мың теңге өкілдік шығындар өндірілді.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.