Halyq Uni логотип
×

Жылыту маусымына дайындық: Үкімет басшысы министрлерге шұғыл тапсырма жүктеді

Жылыту маусымына дайындықты қатаң бақылау Роман Склярға жүктелді

 Дәурен Ерболат 27.06.2023 | 10:57
Жылыту маусымына дайындық: Үкімет басшысы министрлерге шұғыл тапсырма жүктеді
фото: instagram.com/ekibastuz_akimdigi/

Премьер-министр Әлихан Смайылов жылыту маусымына дайындықты күшейту керегін атап өтіп, тиісті ведомство басшыларына нақты 5 тапсырма берді, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Біріншіден, Энергетика министрлігі өңір әкімдерімен бірлесіп, жылу көздерінің жөндеу мерзімдерін ауыстырмай, жылыту маусымына толық дайындықты қамтамасыз ету қажет.

Екіншіден, Индустрия министрлігі өңір әкімдерімен бірлесіп, жылу желілеріндегі жөндеу жұмыстарын аяқтау үшін барлық қажет шараны қабылдауға тиіс, - деді ол Үкімет отырысында.

Премьер-министр биыл жобаларды іске асыруға бюджет қаражатын бөлу кезінде бюрократияға жол берілмеуі керегін атап өтті.

«Үшіншіден, Энергетика министрлігі мүдделі органдармен бірлесіп, жылу энергетикасы жөніндегі заң жобасы шеңберінде бекітілген жөндеу кестесін бұзғаны үшін энергия өндіруші ұйымдардың жауапкершілігін белгілеу мәселесін пысықтауы керек.

Тарифті бекіту кезінде берілген өтініштердің негізділігін және станциядағы нақты жағдайды анықтауға мүмкіндік беретін кешенді тәсіл қажет», - деді Әлихан Смайылов.

Төртіншіден, Энергетика және Ұлттық экономика министрліктері 2 апта ішінде өңірлік электр желілік компаниялардың техникалық жай-күйіне талдау жүргізіп, тәуекелдер картасын әзірлеуі керек. Картада проблемаларды шешу жолдары көрсетілуге тиіс.

Бесіншіден, өңір әкімдері жылыту маусымына дайындық жөніндегі өңірлік штабтардың жұмысын түгел қайта қарауы қажет. Жыл сайын олардың жұмысында нақты істер емес, науқаншылдық болып отыр. Қағаз жүзінде бар, ал жөндеу жұмыстарына қатысы жоқ. Штаб отырыстары әкімдіктерде емес, тікелей объектілерде өтуі керек.

Роман Васильевич (Үкімет басшысының бірінші орынбасары), жылыту маусымына дайындық мәселелерін қатаң бақылауда ұстаңыз, - деп сөзін түйіндеді премьер.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама