Ескерткіштегі есірткі: Павлодарда тарихи-мәдени ескерткіштердің QR-лары алына бастады
Қазақстанда мәдени ескерткіштер есірткіні жарнамалап жүр
Павлодарда тарихи-мәдени ескерткіштердің арнайы коды бар ақпараттық тақтайшаларына есірткі дүкендерінің QR-кодтары орнатылған. Қазір өңірде осы фактіге байланысты сотқа дейінгі тергеу басталды, деп хабарлайды Halyq uni тілшісі.
24 маусым күні Павлодар қаласының орталығындағы көне ғимаратты суретке түсіріп жүрген едік. Астана, 124 мекенжайында орналасқан сары үйге тап болдық. Тақтайшасында «Саудагерлер үйі (1906 жыл) Жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіш» деп жазылған. Сондай-ақ «Нақты мәліметті алу үшін QR-кодты мобильдік телефон арқылы оқыңыз немесе жобаның www.grgid.info сайтына жүгініңіз» деген жазбасы бар. Көне ғимарат туралы толық ақпаратпен танысайық деп, көрсетілген QR-кодты сканерлеген кезде есірткі сататын дүкеннің сайтына тап болдық. Бұл жағдай туралы әлеуметтік желіде жазып, облыстың құзырлы органдарына сұрау салдық.
Келесі күні тағы бір қазақстандық журналист Кирилл Павлов Бурабайдағы Абылайхан алаңындағы ақпараттық тақтайшада есірткі саудалайтын сайттың QR-коды тұрғанын анықтады. Сондай-ақ «Типичный Павлодар» парақшасы Павлодардағы тарихи-мәдени нысандарды аралап, оларға орнатылған QR-кодтарды тексеріп шықты. Нәтижесінде Қанаш Қамзин, Шоқан Уәлиханов пен Григорий Потанин ескерткіші де есірткі өткізушілерді жарнамалап тұрғаны анықталды.
Жазбамызға бірінші болып Павлодар облысының Полиция департаменті жауап берді.
Осы факті бойынша Павлодар облысының полициясы Қазақстан Республикасы ҚК 299-1-бабының 1-бөлімі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады, оның шеңберінде осы қылмысқа қатысы бар адамдарды анықтауға бағытталған жедел-іздестіру іс-шаралары жүргізілуде, – делінген департамент жауабында.
Сондай-ақ облыс әкімі Асайын Байхан да мәселеге қатысты түсініктеме берді. Оның мәліметінше, 2018 жылы Павлодар облысының көрікті жерлерінің картасы жасалып, 280 нысанға арнайы коды бар ақпараттық тақтайшалар (әрі қарай QR) орнатылған және арнайы құрылған сайтта ақпараттар жүктелген. Бұл жұмыстарды «Г.Н.Потанин атындағы Павлодар облысының тарихи-өлкетану музейі» ҚМКК тапсырысы бойынша А.С.Толчин жеке кәсіпкері әзірлеген.
Аталмыш QR кодтар 2023 жылғы 1 қаңтарына жұмыс істеп, ескерткіштер туралы тиісті ақпараты берілген. Қазіргі кезде сайт пен QR-код деректерін бұзу фактісі бойынша Полиция департаментімен бірлесіп мәселе пысықталуда. Сондай-ақ, Г.Н.Потанин атындағы Павлодар облыстық тарихи-өлкетану музейінің сайтына ескерткіштер тізімі мен QR-коды бар мәліметтерді бекіту жұмыстары жүргізілуде, – делінген әкім жазбасында.
Айта кетейік, облыстық Мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы өңірдің көрікті жерлерінің цифрлық картасын әзірлеуге 2018 жылы 1,7 млн теңге жұмсаған екен.
5 АЙДА 2300 ЕСІРТКІ САТАТЫН САЙТ БҰҒАТТАЛДЫ
Мәдениет министрлігінің мәліметінше, ведомство өңірлердегі тарихи-мәдени ескерткіштердің ақпараттық тақтайшаларына жауапты емес. Ол өңір әкімдіктеріне қарасты Мәдениет басқармаларының құзырындағы мәселе екен. Бірақ, тиісті ескерту жіберілетініне сендірді.
Ал Ішкі істер министрлігі жоғары технологиялардың даму дәуірінде есірткі бизнесі киберкеңістікке көшкенін айтып отыр.
Әрине, ІІМ мұндай интернет-дүкендерді бұғаттайды. Биылғы жылдың 5 айында ғана 2300-ден астам есірткі сайты бұғатталды. Есірткіні жарнамалау фактілері бойынша 25 қылмыстық іс және есірткіні интернет арқылы өткізгені үшін 165 факт тіркелді, – дейді министрлік.
Қазақстанда нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрестің 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарын әзірленіп, қабылдаған. Бағдарлама аясында ішкі істер органдарын интернет-ресурстар арқылы есірткі өткізу фактілеріне қарсы іс-қимыл жасау үшін тиімділігі жоғары бағдарламалық қамтамасыз етумен жарақтандыру үшін қаржыландыру бөлінді.
Бұл аппараттық-бағдарламалық кешендер бұрыннан бар жабдықтармен үйлеседі және ақпараттық-коммуникациялық ортада жасалатын қылмыстардың анықталуын едәуір арттырады, – деп қосты министрлік.
Бүгінде елімізде ескірткімен күрес жұмысына 2 мыңнан астам ерікті полиция көмекшісі қатысады. Бұл еріктілер мен үкіметтік емес ұйымдар, олар әр аймақта граффити жазуларын, есірткі сайттарын және заңсыз интернет-дүкендердің жасырын QR кодтарын анықтауға және жоюға көмектесіп жүр.
Еске сала кетейік, Қазақстанда есірткіні насихаттаумен немесе заңсыз жарнамалаумен айналысатын адамдар үшін ҚР ҚК 299-1-бабына сәйкес мүлкі тәркіленіп, 3 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы көзделген. Сондай-ақ электрондық ақпараттық ресурстарды пайдалану арқылы есірткінің заңсыз айналымы мүлкі тәркіленіп, 10 жылдан 15 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қолданылады.