Заң талаптарын бұзған 711 шетелдік пен Қазақстан азаматтары анықталып, әкімшілік жауапкершілікке тартылды
Түркістан облысында жеңіл жүріспен айналысқан 8 шетелдік қыз елден шығарылды, деп хабарлады ҚазАқпарат.
Өңірде «Халықтың көші-қоны туралы» заң талаптарын бұзған 711 шетелдік пен Қазақстан азаматтары анықталып, әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оның ішінде ҚР ӘҚБтК-нің 517-бабы («Шетелдіктің немесе азаматтығы жоқ адамның Қазақстан Республикасының халықтың көші-қоны саласындағы заңнамасын бұзуы») бойынша 506 шетелдікке шара қарастырылды.
Мәселен, полиция қызметкерлері Сайрам ауданында көші-қон заңын бұзғаны үшін 8 жеңіл жүрісті қызды, яғни Өзбекстан Республикасының азаматтарын сот шешімімен елден шығарды. Сондай-ақ Келес ауданында уәкілетті органның рұқсатынсыз құрылыс жұмыстарымен заңсыз айналысқан көрші мемлекеттің 15 азаматын анықтап, әкімшілік тәртіппен республика аумағынан шығарды.
Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің нұсқауына сәйкес, осы жылдың 19-25 маусым аралығында Түркістан облысының аумағында «Заңсыз келуші» республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы өтті. Басты мақсат – шетелдіктер жасаған немесе оларға қатысты қылмыстардың алдын алу және болдырмау, ҚР аумағында заңсыз жүрген шетел азаматтары мен көші-қон заңнамасын бұзушыларды анықтау, - делінген Түркістан облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.