Ауыл тұрғынын соққыға жыққан 4 адамның біреуі ғана ұсталды (ВИДЕО)
Кейбір мәліметтерге сәйкес, ұрып-соққандар – ер адамның әйелінің туыстары
Әлеуметтік желілерде Маңғыстау облысының Бейнеу ауылында ер адамға белгісіз адамдардың шабуылдаған бейнежазбасы тарап жатыр. Бұл туралы Lada.kz хабарлады.
Оқиға 18 маусымда Бейнеу ауылында болған. Полиция ҚР ҚК-нің 106-бабы («Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтiру») бойынша қылмыстық іс қозғап, бір ғана күдіктіні ұстады. Ал желі қолданушылары қалған қаскөйлер жазадан құтылып кете ме деп алаңдаулы.
Қоғам белсендісі Бибігүл Рамазан өзінің Facebook-тегі парақшасында оқиғаға алаңдаушылық білдірді.
Бейнежазбада Бейнеу ауылының тұрғынына 4 адамның шабуылдағаны көрінеді. Кадрлар 18 маусымда түсірілді. Күдіктінің әскери ұйымда жұмыс істейтіні, сондықтан істің материалдары әскери тергеу бөліміне жіберілгені айтылған. Бірақ видеода 4 адам шабуылдаған сияқты, әлде сіздердің көру қабілетіңізде проблема бар ма? Бұл сұраққа жауап беруді талап етемін, – деп жазды Бибігүл Рамазан.
Кейбір мәліметтерге сәйкес, ұрып-соққандар – ер адамның әйелінің туыстары. Бұл ақпаратты құқық қорғау органдары түсіндірмеді.