Ол 7 күн комада жатқан
Қордай ауданында 2 жасар бүлдіршінге күрделі ота жасалды, деп хабарлады Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі.
Маусымның басында Сортөбе ауылында 2 жасар бала тереңдігі екі метр бетон құдыққа құлап, есінен танып қалды. Туыстары оны Қордай ауданының орталық ауруханасына жеткізді.
Науқастың миына компьютерлік томография жасалып, шұғыл түрде реанимация бөлімшесіне жатқызылды. Оған дәрігерлер ашық ми жарақаты, үшінші дәрежелі мидың соғылуы, сол жақ төбесі мен оң жақ желке аймағында эпидуралдық қан құйылған, пневмоцефалия, жіті церебралдық ісіну, оң жақтағы отогематоликворея, үшінші дәрежелі кома деп диагноз қойған, - деп жазылған хабарламада.
Санитариялық авиациямен сол күні Жамбыл облыстық көпбейінді балалар ауруханасы нейрохирургия бөлімшесінің меңгерушісі Саят Жұмабаев пен анестезиолог Қалдыбек Үсенбаев, сондай-ақ облыстық орталықтан дәрігерлер бригадасы ауданға шақырылды.
Мамандардың консилиумынан кейін күрделі операция жасалды: қатты ми қабығының пластикасы және миішілік ұйыған қанның жиналуын алып тастау үшін бас сүйегінің екі жағынан декомпрессиялық трепанациясы жүргізілді.
Науқастың жағдайының ауыр болуына байланысты ол Қордай аудандық орталық ауруханасының реанимация бөлімшесінде қалатын болды.
Облыстың бас балалар нейрохирургі Саят Жұмабаевтың басшылығымен облыстық балалар ауруханасының реаниматологтарымен бірлесіп, науқастың жай-күйін бақылау жүргізілді.
Операция сәтті жасалып, ол жетінші күні комадан толық шықты.
Санавиациямен бүлдіршін Жамбыл облыстық көпбейінді балалар ауруханасына жеткізілді. Нейрохирургиялық бөлімшеде оң жақ құлағындағы отоликвореяны жою үшін операцияның екінші кезеңі жүргізілді. Операциялардан кейін бала есін жиды, сұрақтарға жауап береді. Жай-күйі жақсарып келеді, жақын арада үйге шығады, - деді Саят Жұмабаев.