Halyq Uni логотип
×

«Азаматтық қоғамды дамытуға 1,2 млрд теңге көзделген»: Қазақстанда гранттық жобалардың тиімділігі бағаланады

Қазір 130-дан астам жоба іске асырылып жатыр

 Айнұр Шошаева 26.06.2023 | 09:14
«Азаматтық қоғамды дамытуға 1,2 млрд теңге көзделген»: Қазақстанда гранттық жобалардың тиімділігі бағаланады
Фото: strategy2050.kz

Еліміздің үкіметтік емес ұйымдарының қатысуымен бүгінгі күні 130-дан астам жоба іске асырылып жатыр. Биылдан бастап әр жобаның тиімділігіне мониторинг жүргізіле бастайды, деп хабарлайды Halyq Uni

«Барлығы 130-дан асатын жоба іске асырылып жатыр. Барлығы 12 саланы қамиды, оның ішінде инклюзия, экология, жастар саясаты т.б. Жақын арада «Zhas Project» жобасын бастаймыз. Бүкіл Қазақстанды қамтитын ауқымды жоба. NEET санаттағы жастарды қамтиды, бұрнағы жылдардан бар, бірақ биыл форматы сәл өзгереді», – деді Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы басқарма төрағасының орынбасары Арман Ашкин.

Айта кетейік, биыл Қазақстанда азаматтық қоғамды дамытуға бағытталған жобалардың жалпы сомасы 1,2 млрд теңге

«Жалпы бұған дейін гранттық жобалардың тиімділігін бағалау қарастырылмаған болатын. Қолданыстағы қағидаларға өзгерістер енгізіліп, биылдан бастап олардың тиімділігі арнайы мониторинг арқылы бағаланатын болады. Бұрын мониторинг грант алушылар ұсынған қағаздар негізінде жүргізілсе, енді барлық бағдарламаға мониторинг министрлік тарапынан жүргізіледі. Бздің алдымызда тұрған міндет – ұсынылған жобаның барлық индикаторлар бойынша орындалуын қадағалау, егер орындамаған жағдайда келісімшарт бұзылып, бюджет қаржысы қайтарылады. Біз үшін тұрақтылық маңызды, бейүкіметтік ұйымдар грант аяқталған соң жұмысын тоқтатпай, өз тақырыбы бойынша жұмысын әрі қарай жалғасырғаны керек», – деп қосты ол.

Бүгінде орталық бизнес қоғамдастықты азаматтық қоғамды дамытуға белсенді тарту бағытында жұмыс жүргізіп жатқанын атап өтті. 

Азаматтық секторды дамытуға бизнес қоғамдастықтың белсенді қатысып, ол жобалардың әрі қарай жұмыс істеуіне көмектесуі де маңызды. Қазақстандық компаниялардың азаматтық қоғамды дамытуға қызығушылығы бар. Алайда қазір біздің орталықпен тікелей жұмыс істеп жатқан жоқ. Себебі бизнестің өз қаражаты бар, мемлекетпен жұмыс істегісі келмейді. Сондықтан өз бастамамызбен отандық ірі компанияларға шығып жатырмыз. 2019 жылы құрылған уақыттан бері жиналған тәжірибеміз бар, жобаларды таныстырып келеміз. «Қазақмыс», «Арселор Миттал Теміртау» компанияларымыз кездесу өтті. Бұл жұмыс жалғасын табады. Көптеген компаниялар үкіметтік емес ұйымдарға көмектеседі, бірақ ол бірлі-екілі жағдай болмаса тұрақты түрде жүргізілмейді. Яғни тұрақты механизмі жоқ, – деді ол. 

Сондай-ақ ол үкіметтік емес ұйымдарды гранттық жобаларға қатысуы үшін ынталандыру бағытында ауқымды жұмыс жүргізілетінін айтты. 

«Жыл сайын барлық конкурсқа қатысатын 10-15 шақты ұйым бар. «Тисе терекке, тимесе бұтаққа» дегендей әрбір саладан 2-3 грант ұтып алуға тырысады. Басқа үкіметтік емес ұйымдардың тарапынан соған қатысты сын айтылады. Ешкімді шектей алмаймыз, қазір қағидаға өзгеріс енгізіп бір жыл грант алған ұйымды келесі жылы конкурсқа қатыстырмай қойсақ, олардың құқығын шектеу болып есептеледі. Сондықтан басқа ҮЕҰ ынталандыру жұмысын жүргіземіз, өтінішті қалай тапсырып, конкурсқа қатысу туралы оқу бағдарламасын әзірлейміз. Алда конкурс басталмас бұрын еліміздің барлық өңірін аралап, бейүкіметтік ұйымдармен кездесу өткізіп, конкурс туралы түсіндіреміз деген жоспарымыз бар», – деді спикер. 

Үкіметтік емес ұйымдарға гранттық жобалар үш мехнизм бойынша беріледі: біріншісі Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің тапсырысы, екіншісі – әкімдіктердің гранттары, ал үшіншісі – жекеменшік ұйымдардың қаржысына іске асыру. 

Биыл конкурсқа еліміздің батыс өңірлері белсенді қатысты. Министрліктің тапсырынан бөлек, әкімдіктердің өз тапсырыстары бар. Бүгінде Маңғыстау, Атырау және БҚО-да биыл көптеген ұйым грант алды. Сондай-ақ Алматы мен Жетісу, Ақтөбе облыстары грант бөле басталы. Келесі жылы Алматы қаласында көп грант бөлінеді деп күтіліп отыр. Павлодар мен СҚО-да келіссөздер жүргізіліп жатыр. Бұл жерде тапсырыс берушілер – әкімдіктер. Біз оператор қызметін атқарамыз: гранттық жобаларды іріктеп, орындалған соң тапсырыс берушіге есеп береміз. Үкімет басшылығы барлық мемлекеттік органдарға әлеуметтік гранттарын біздің орталық арқылы жүзеге асыруы туралы тапсырма берілді. Себебі бір бейүкіметтік ұйымның бір жобасымен бірнеше грант алуы мүмкін деген күдік болды. Мәселен, бұл біздің орталықтан грант ала отырып, сол жобасымен басқа министрліктің де грантын алып, бір есепті екі жаққа да тапсырмауы үшін керек, – деп қорытындылады Арман Ашкин.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама