Ауруханадан 42 млн теңге ұрлаған есепші 1,5 жылдан кейін ұсталды

Дастан Жұмабекұлы

Күдікті 24 сәуірде ғана қолға түсіп, тергеу изоляторына қамауға алынды

коллаж: Halyq Uni

Ақмола облыстық туберкулезге қарсы диспансерден ірі көлемде ақша ұрлаған есепші- кассир 1,5 жылдан кейін ұсталды. Оның үстінен қылмыстық іс қозғалып, сотқа жолданды.

Көкшетау қалалық прокуратураның хабарлауынша, ол 2020 жылдың желтоқсан айынан бастап 2021 жылдың шілде айының аралығында туберкулезге қарсы диспансерде есепші-кассир болып жұмыс істей жүріп, есеп айырысу шотынан шамамен 42 млн теңге сомасында аурухананың ақшасын ұрлаған.

Тергеу кезінде анықталғандай, ол басқа адамның электрондық-цифрлық қолтаңбасын заңсыз пайдаланып, қомақты соманы қалтасына басқан соң, жасырынған.

2021 жылдың шілде айында осы факті бойынша (ҚК 188-бабы 4-бөлігі 3-тармағы) сотқа дейінгі тергеу басталып, ол 1,5 жылдан кейін ғана ұсталды.

Күдікті 24 сәуірде ғана қолға түсіп, тергеу изоляторына қамауға алынды. Ол Павлодарда жасырынып жүрген.

Күдікті тергеу кезінде өз кінәсін толық мойындаған. Көкшетау қаласының прокуратурасы айыптау актісімен қылмыстық істі сотқа жіберді.