Halyq Uni логотип
×

Алматыда «Қазақ» газетінің 110 жылдығына арналған дөңгелек үстел өтті

Жиында «Қазақ» газетінің 264 санының электронды қорын жасақтау мәселесі ортаға салынды

 Халық үні 23.06.2023 | 17:43
Алматыда «Қазақ» газетінің 110 жылдығына арналған дөңгелек үстел өтті
фото: «Қазақ медиа» ассоциациясы

Алматыда «Қазақ Медиа» ассоциациясының ұйымдастыруымен және Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен «Қазақ» газетінің 110 жылдығына арналған «ҚАЗАҚ» ГАЗЕТІ ЖӘНЕ ҰЛТТЫҚ БАСПАСӨЗ» атты дөңгелек үстел өтті.

Дөңгелек үстелге «Қазақ медиа» ассоциациясы төрағасының орынбасары Өміржан Әбдіхалық модераторлық етті.

Алғашқы тәуелсіз әрі ұлттық һәм мемлекетшілдік бағыттағы «Қазақ» газетінің 110 жылдығын атап өту – ұлттық баспасөзге оның тарихына құрмет және борыш, - деді Өміржан Әбдіхалық.

Жиында «Қазақ» газетінің 264 санының және газет туралы зерттеулердің электронды қорын жасақтау туралы мәселе ортаға салынды.

Дөңгелек үстелде Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлінің шара қатысушыларына сәттілік тілеген лебізі оқылды. Онда:

«Қазақ» газеті жарық көрген күннен бастап ұлттың ең тағдыршешті, өткір мәселелерін қаузады. Халықтың жан-жүрегін сыздатқан өзекті тақырыптарын жұртпен бірге талқыға салды. Әлихан Бөкейхан, Міржақып Дулатұлы, секілді ұлт зиялыларының есімімен ұштасып жатқан басылым – талай тарихтың куәсі, халықтың рухани қазынасы. Ұлт ұстазы А.Байтұрсынұлының «Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі» деген әйгілі сөзі ғасырдан аса уақыт бойы қазақ баспасөзінің дамуына демеу болып, ұранына айналды» делінген. 

«Қазақ» газетінің шығу тарихы туралы сөз алған тарихшы Светлана Смағұлова «Қазақ» газеті ХХ ғасырдың басында журналистиканың шоғыры биік басылымы болғанын айтты.

«Біріншіден, газетті үнемі бақылауда ұстаса да, сол кездің өзінде бейресми, үкіметтің әкімшілдік, әміршілдігінен ада болды. Екіншіден, басылым қазақтың зиялы қауымын, бас көтерер азаматтарын біріктіріп, жұмылдыра білді. Үшіншіден, ұлттық мүдде жолында қызмет етіп, халықтың мұң-мұқтажын көтере білді», – деп басылымның аз-кем тарихына тоқталды.

Айта кету керек, «Қазақ» газетінің 1913-1918 жылдар аралығында 266 нөмірі жарық көрді. Газеттің жарық көруіне жанын салған Ахмет Байтұрсынұлы бастаған зиялылар қазақтың жан жарасына айналған жер, дін, тіл, оқу және ұлт мәселесін көтерді. Сол «Қазақ» газеті әлі де оқырманымен қауышып жүр.

Қазіргі қазақ басылымдарының бүгінгі хал-ахуалы жайында «Қазақ газеттері» ЖШС бас директорының орынбасары – Алматы қаласы басылымдарының жетекшісі Думан Анаш біраз түйткілді жеткізді. Оның пікірінше, бүгін жарық көріп жатқан басылымдар – «Қазақ» газетінің мұрагерлері.

Қай кезде де мерзімді баспасөз керек. Биыл ақпараттық доктрина қабылданды. «Масс медиа» туралы заң жобасы қаралып жатыр. Қазір қазақ басылымдарының жағдайы мәз емес. Жазылу мәселесін айтып келеміз. Бағасы сол күйі, бірақ баспахана қызметі, жеткізу құны қымбаттап кетті. Бірақ басылымға жазылу құны өзгерген жоқ.

Бұрынғыдай емес, баспасөзге жарнама беру де азайып кетті. Яғни, біз табысқа емес, шығысқа жұмыс істеп келеміз. Заман талабына сай, әлеуметтік желідегі арналарымызды дамытуға күш салып жатырмыз, - деді Думан Анаш.

«Жас алаш» газетінің бас редакторы Алмас Нүсіп бүгінде қазақ журналистикасын тәуелсіз деп айтуға келмейтінін жеткізді.

Бәрі қаржылық жағдайға кеп тіреледі. Тиражы өзін ақтаса, сол кезде ғана газет толық тәуелсіз. Өкінішке қарай, қазір олай емес. Газет – архив үшін керек. Зерттеу жүргізумен айналысатын басылым жоқтың қасы. Ең алдымен, таралым, ақша табу мәселесін қарастыру керек, - деді ол.

«Алатау ақпарат» медиахолдингінің бас директоры Ержан Қалымбайұлы қазір заманға сай ақпараттық стратегия қажеттігіне тоқталды.

«Ақпараттық кеңістікті қорғауымыз керек. Адамның ақыл-ойын басқару баяғыда басталып кеткен. Бұл өте қауіпті. Дәл қазір заманға сай ақпараттық стратегия қажет. Көптеген басылым сыртын ғана өзгертеді. Мәселе – мазмұнында.

Сапалы, өлмейтін, мәнін жоғалтпайтын дүние жариялануы тиіс. Дәстүрлі медиа мен жаңа медианы бір-біріне қарсы қоймай, үйлестіру қажет. Сол кезде біздегі сапалы контентті әлеуметтік желі алып, тарататын болады» деген ой айтты.  

Серіктес жаңалықтары

Сараптама