Halyq Uni логотип
×

«Өзенмұнайгаздың» былығы ашылды: компанияның ертеңі не болады?

Арнайы жұмыс тобы компанияның 4 айдағы жұмысын тексеріп, нәтижесін жариялады

 Халық үні 23.06.2023 | 16:32
«Өзенмұнайгаздың» былығы ашылды: компанияның ертеңі не болады?
фото: ҚМГ баспасөз қызметі

«Қазмұнайгаз» ұлттық компаниясының арнайы тобы «Өзенмұнайгаз» жұмысынан 118 бұзушылықты анықтады. Қазір 7 факт бойынша құқық қорғау органдары тергеу жүргізуде. 2023 жылдың алғашқы 4 айында компанияның таза шығыны 40 млрд теңгеден асып кеткен.

«Қазмұнайгаздың» арнайы жұмыс тобы «БерӘлі Маңғыстау Company» жұмысшыларының наразылық акцияларынан кейін құрылған.

ҚМГ басқарма төрағасының орынбасары, жұмыс тобының жетекшісі Дәулетжан Хасанов, ҚМГ экономикалық және ішкі қауіпсіздік бөлімінің бастығы Әділ Атабаев, ҚМГ адами ресурстарды басқару департаментінің бас маманы Бақдәулет Төлеген, ҚМГ мұнай және газ өндіру департаментінің бас маманы Жігер Жөкебаевтың қатысуымен брифинг өтіп, «Өзенмұнайгаз» жұмысынан қандай заңбұзушылықтар анықталғанын баяндады.

Арнайы жұмыс тобы ҚМГ, еншілес және тәуелді мекемелердің 50-ден астам қызметкерінен құрылды. Сарапшы ретінде Денсаулық сақтау министрлігі (17), Төтенше жағдайлар министрлігі (6), Экология және табиғи ресурстар министрлігі (5), Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінің (18) өкілдері шақырылды. Шаруашылық қызметтің 55 нысанына, соның ішінде ӨМГ-нің 17 өндірістік құрылымдық бөлімшесі, ҚМГ-нің 8 мұнай сервис мекемесі және 30 мердігер ұйым бойынша талдау жұмыстары жүргізілді.

101 МӘСЕЛЕ: ЖАУАПТЫ АДАМДАР ТӘРТІПТІК ЖАЗАҒА ТАРТЫЛАДЫ

ӨМГ-нің қаржы-экономикалық қызметін талдау нәтижелері бойынша 118 бұзушылық пен сәйкессіздік анықталды, соның ішінде:

  • 7 факт құқық қорғау органдарына берілді;
  • 10 мәселе бойынша қызметтік тергеу жүріп жатыр;
  • 101 мәселе бойынша жауапты адамдарға тәртіптік жаза қолданылады.

Одан бөлек, жұмыс тобының өкілдері құқық қорғау органдарына берілген 7 фактінің әрқайсысына жеке-жеке тоқталып өтті. Мәселен, ӨМГ-дың жалған түрде сырттан жұмысшыларды жалдағаны туралы ақпарат тексерілді. ӨМГ-ға келтірілген шығын көлемі алдын ала есеп бойынша, 47 млн теңге шамасында екені анықталды.

Сондай-ақ 2022-2023 жылдары ӨМГ және «БерӘлі Маңғыстау Company» ЖШС арасында жасалған келісімшартқа сәйкес, жұмыс уақыты шамадан тыс – 311 бригада-сағатты немесе 27,8 млн теңгені қамтығаны, сондай-ақ, 69 млн теңге көлемінде жұмыстың орындалмағаны анықталды. Нәтижесінде 97 млн теңге артық төленді.

ЖҰМЫСҚА ҚАБЫЛДАУ АЛГОРИТМІ БҰЗЫЛҒАН

Жұмыс тобының өкілдері ӨМГ компаниясына жұмысқа алу алгоритмі бұзылғаны анықтады. Бекітілген ережеге сәйкес, жұмыс іздеушілер кезегі келгенде алдымен қаланың коммуналды кәсіпорындарында қызмет етіп, кейін ӨМГ аутстаффингінде (сырттан жалданып) жұмыс істеген соң компанияда бос орындар пайда болған кезде ғана штатқа қабылдануға тиіс. Мәселен, жұмысқа қабылдануға тиіс әкімшіліктің тізіміне кірген 44 адам қаланың коммуналды кәсіпорындарының тізімінде жоқ болып шықты («ӨзенИнвест» МКК, «Таза су» ЖШС және «Verity Group» ЖШС). Анықталған факт бойынша материалдар Жаңаөзен қаласының прокуратурасына жіберілді.

Тексеру нәтижесінде сирек қолданыстағы мамандық иесі ретінде жұмысқа қабылданған 238 адамның 17-нің біліктілігі жоқ болып шықты. Тағы 33 адам қысқа мерзімде компаниядағы өзге қызметтерге ауысып кеткен. Демек, сирек қолданыстағы мамандық иесіне деген сұранысты штатқа қабылданудың амалы ретінде пайдаланған. 

Сонымен қатар, Маңғыстау облысы оқу орындарының жалған сертификаттары ӨМГ компаниясының штатына кіру үшін пайдаланылғаны туралы фактілер де тиісті органдардың тексеруіне жіберілді.

Одан бөлек, «Өзенмұнайгаз» АҚ корпоративті оқу орталығының хаттамасында комиссия мүшелерінің атынан әлдекімдер жалған қол қойып, жұмысқа қабылдау процедурасынан өтпеген адамдарды инженер қызметіне қабылдағаны туралы факті анықталды.

Журналистер алдында сөз сөйлеген Б.Төлеген ӨМГ компаниясына жұмысқа қабылдау ережелерін өрескел бұзушылар белден басып, әділдіктен аттап, сыбайлас жемқорлыққа негіз болған заңсыз әрекеттерге барғаны туралы күдік туғызып отыр. Бұл, өз кезегінде, екі қолға бір күрек таба алмай жүрген Жаңаөзен қаласы тұрғындарының арасында әлеуметтік наразылық тудырды.

КОМПАНИЯДАҒЫ ІШКІ КОММУНИКАЦИЯ ЖҰМЫСЫ ШИКІ

«Өзенмұнайгаз» компаниясындағы ішкі коммуникация да әлсіз жұмыс істеген. Еңбек ұжымдарымен есеп беру кездесулерінің уақытылы өткізілмеуі немесе мүлдем болмауы ақпарат кеңістігінде ӨМГ туралы жалған немесе компанияның беделін түсіретін мәліметтердің пайда болуына себеп болған. Жұмысшылар компанияның нақты жағдайынан бейхабар, өзекті мәселелерді шешуге араласпайды. Мысалы, ӨМГ ұжымы үшін компанияның күрделі қаржылық жағдайы туралы ақпарат күтпеген жағдай болды. Осыған байланысты ішкі коммуникация мәдениетін көтеру бойынша жоспар әзірленіп, компания басшылығының ұжыммен жеке кездесулерінің кестесі бекітілді.

ӨНДІРІСТІК ПРОЦЕСТЕГІ ОЛҚЫЛЫҚТАР

Компанияда жұмыс орнынан уақытынан бұрын кету және көлікті гаражға ерте өткізу фактілері анықталған. Бірқатар басқармада 2023 жылдың 4 айында шамамен жұмыс уақытының 170 000 сағаты орындалмаған, өндірістен тыс шығыс мөлшері шамамен 1,2 млрд теңгені құраған. Бұрғылау жұмыстары басқармасында 205 автокөліктің 199-ына GPS-трекер орнатылған, алайда олардың тек 70-і жұмыс істеп тұр.

Сонымен қатар, ұңғымаларды жерасты жөндеу жұмыстары барысында технологиялық регламенттің сақталмауы байқалады. Ұңғымаларды жерасты жөндеу бригадасы жоспарды орындау үшін кенжарды жуу/тазарту және ұңғымаларды сапалы сөндіру секілді негізгі жұмыстарды сирек атқарған.

Одан бөлек, ұңғымалардың тоқтап қалуына жол бермеу үшін жөндеу аралық кезеңде профилактикалық және реанимациялық жұмыстар орындалмайды.

Жөндеу бригадалары қабылдау көпірлері, превенторлар, шарлы крандар, гидрокілттер, спайдерлермен дұрыс қамтылмаған. Мұның барлығы ұңғымалардың беріктігі мен қауіпсіздігіне әсер етеді.

САТЫП АЛУДАҒЫ ОЛҚЫЛЫҚТАР

Компанияда сатып алу және өндірісті қамту саласында да олқылықтар анықталды. Мәселен, тексеру кезінде 2023 жылға арналған сатып алу жоспары 65%-ға орындалған, соның ішінде тауар позициялары бойынша бар-жоғы 58% қамтылды, яғни тауар ұсыныстарының 42% бойынша келісімшарттар жасалмаған. Келісімшарт жасалған 61 позиция бойынша орындау мерзімі сақталмаған. Тендер құжаттамасының нашар әзірленуіне байланысты қызмет көрсету мен жұмыстар бойынша 14 сатып алу ұсынысы тоқтатылды.

Дер уақытында орындамаудың басты себептері – тауар бағаларының әлсіз маркетингі, техникалық құжаттардың сапасыз әзірленуі, бақылаудың нашар болуы және жабдықты жасап шығару процесін сол жерге барып бақылау тәжірибесінің жоқтығы.

Келісімшарт жасалып қойған позициялар бойынша кешіктіріп орындау фактілері де анықталды. Тексеру кезінде жылдық көлемнің 36% ғана орындалған, кешіктірудің негізгі себебі — міндеттердің орындалуына бақылаудың жоқтығы, міндеттерін орындамағаны үшін келісімшартты бұзу жағдайлары тіркелмеген.

Жоғарыда аталған деректердің барлығы түптеп келгенде тауарлар мен материалдық құралдардың жетіспеушілігін, өндірісті уақтылы қамтамасыз етпеу және еңбек ұжымдары арасында наразылықтың өршуіне негіз болды, - делінген ҚМГ ақпаратында.

КЕМШІЛІКТЕРДІ ҚАЛАЙ ЖОЯДЫ?

ҚМГ Басқарма төрағасының орынбасары Дәулетжан Хасанов компания басшылығына олқылықтар мен кемшіліктерді жою үшін қосымша қаражат керектігін айтты.

Көріп отырғандарыңыздай, жұмыс тобы ауқымды, кешенді жұмыс атқарды. Анықталған бірқатар бұзушылық бойынша материалдар құқық қорғау органдарына жіберілді. Қазір нақты бағыттар бойынша кемшіліктерді жою мақсатында жоспар әзірленіп жатыр. Олардың кейбірі терең жүйелік сипатта болады. Оларды шешу үшін, біріншіден, уақыт, екіншіден, қосымша қаржы қажет. Сондықтан бұл жұмысты  алдағы бірнеше жылда Өзенмұнайгазбен бірлесе отырып атқарамыз, - деді жұмыс тобының жетекшісі.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама