«Алтын Орда» базарынан орын алу үшін 4 млрд теңге салған кәсіпкерлер әділдік іздеп отыр
Олар рейдерлік салдарынан далада қалуы мүмкін екенін айтады
Алматы қаласының іргесіндеі «Алтын Орда» базарында 800 астам қазақ кәсіпкер базардың жаңа қожайыны Данияр Әлпиевтің рейдерлік әрекетінен зардап шегіп отырғанын айтты. Саудагерлер салынып жатқан сауда кешеніне алдын ала төлеген қаражатына қарамастан далада қалуы мүмкін.
20 сәуірде жиырма гектар жерді алып жатқан базарды жаңа қожайын өз атына рейдерлікпен күшпен рәсімдеп алған. 2007 жылдан бастап базардың заңды иесі ретінде «Құрылыс LTD» ЖШС танылған. Ал базардың ісін «Altyn Orda QazTrade LTD» ЖШС келісім шарт негізінде жүргізген. Модернизациялау, яғни саудагерлерге жылы әрі ыңғайлы сауда орындарын жасау мақсатында қос компания бірігіп жұмыс істеген. Инвестор ретінде «Altyn Orda QazTrade LTD» ЖШС бұған дейін 80 адамға арналған ет бордақылау ғимаратын, 400 кәсіпкерге арналған құны 1,2 миллиард теңге тұратын сауда кешенін салған.
2020 жылы екі қабаттан тұратын - 30 мың шаршы метрлік сауда орталығының құрылысы басталған. Ғимараттан орын алу үшін 800 кәсіпкер бірігіп «Altyn Orda QazTrade LTD» ЖШС арқылы құрылысқа 4 млрд теңге ақша салған. Бүгінгі таңда «Altyn Orda QazTrade LTD» ЖШС бастаған құрылыстың 95%-ы бітіп тұр.
19 сәуірде Бас прокуратураның тексеруді тоқтату туралы қаржысы шыққан. 20 сәуірде базардың жаңа қожайыны «90-жылдардағыдай» әрекетпен «Құрылыс LTD» ЖШС директорының сенімхаты бар Камила Түгелбаева есімді заңгер әйелді қорқытып-үркітіп құжаттарды Данияр Әлпиев рейдерлік жолмен тартып алған. Яғни, заңсыз, тікелей «қырғыз бандиттері» арқылы базарды тартып алған. Ал базар ісін жүргізіп келген «Altyn Orda QazTrade LTD» ЖШС-ны күштеп қуған. Енді құрылысы 90 пайыз бітуге жақын сауда кешенінен кәсіпкерлерге орын бермейтінін айтып отыр. Ақшасын алдын ала төлеп қойған кәсіпкерлер мұны рейдерлік деп отыр.
Базардың жаңа бас әкімшісі Ермек Мархабаевты саудагерлердің наразылығына қатысты пікірін білдіріп, рейдерлік туралы айыптауға өз ойын қосты.
«Бұл жерде айтылған әңгіменің бәрі бізге дейінгі басшылық тарапынан болып жатқан арандату. «Жаңадан келгендер орындарды басқаларға сатады екен» дегенді де естідік. Ешқандай арандатуға ермеңіздер, бәрі өтірік! Төртінші күн жұмыстамыз. Ресми түрде 400 адамды қабылдадым. Бәріне бірдей жауап беремін. Жаңа сауда кешенінен орын алуға ақша төлеген адамның бәрі бутигіне қол жеткізеді. Ешқайсысы уайымдамасын. Бұл жерде халықтың еш кінәсі жоқ. Жұмыс істейін деп сауда орнын алып жатыр. Бұйырса, орындарын өздеріне береміз. Қазір базар бюджетінен ақша бөлінді. Толық төлем жасаған саудагерлерден ақша алынбайды. Кеше ғана құрылысшыларға бір ай уақыт бердік. Егер айтқан уәдесінде тұрып, бітірсе, 250-дей орыннан тұратын сауда кешені әрі кетсе бір жарым айдан кейін іске қосылады», - деді ол.
Базарды алғаш рет 2000 жылдары Алтынбек Әлпиев достарымен бірігіп ашқан. Базарды 2007 жылға дейін сол басқарған. Кейін Алтынбек Әлпиев қасақана өлтіріліп, серіктес достары базарды сатып жіберген.
Данияр Әлпиев - Қырғызстанның тумасы, Алтынбек Әлпиевтің ұлы. 2019 жылы Данияр Әлпиев банк ісіндегі қылмысы үшін (алаяқтық) 3 жыл 9 ай мерізімне шартты түрде бас бостандығынан айырылған. Жақында Данияр Әлпиев үндеу жасап, президенттен көмек сұрады. Кәсіпкерлер шындығында оның мүлкінен айырылып қалған адам емес екеніне сенімді.
Аумағы 30 мың шаршы метр сауда кешенінің өздеріне берілмейтінін естіген халық митингіге шықпақ та болған. Мәселе шешілмегендіткен, «Altyn Orda QazTrade LTD» ЖШС өкілдері мен саудагерлер 26-сәуір күні сағат 11:00 «Алтын Орда» базарының алдында БАҚ арқылы қоғамнан, биліктен әділдік сұрайды.
Еске салайық, бүгін Алматы облысы әкімі Қанат Бозымбаев Арманжан Байтасовқа берген сұхбатында «Алтын Орда» базарында тексеру жұмыстары қалай жүргізілгенін айтты. Оның сөзінше, базарда санитарлық, экологиялық, құрылыс, төтенше жағдай нормалары бұзылған.
«Алтын орда» базарына екі ЖШС мен бір ЖК иелік етеді. Жалпы алғанда барлығы Болат Назарбаевтың отбасына тиесілі: ұлы, туыстары басқарады. Екі ай бұрын президент базарда тәртіп орнату бойынша тапсырма берді. Өкінішке қарай біз оның ішіне бірден кіре алмадық, себебі ол жерді басқаратындардың бәрі шағын және орта бизнес деп көрсетілген. Ал бізде шағын және орта бизнесті тексеруге мораторий енгізілген. Артынан базардың көптеген жеке кәсіптен құралғанына қарамастан, оның шағын және орта бизнес емес екенін дәлелдедік», - дейді Бозымбаев.