Ол кінәсін мойындамады
Ақтөбеде көліктегі санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы басшысының орынбасары сотталды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Көліктегі санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы басшысының орынбасары комиссиялық тексеріс барысында вагондарды тазалаумен айналысатын Серіктестік бригадирінің заңды білмейтінін пайдаланған. Ол №24, 34, 692 жолаушылар поездарына тексеріс жүргізілгенін, оның қорытындысы бойынша Серіктестік әкімшілік жауапкершілікке тартылуы мүмкін екенін ескерткен. Орынбасар 2022 жылғы 14 маусымнан 19 тамыз аралығында айыппұлдан босатуға және алдағы уақытта “қамқор” боламын деп өтірік уәде беріп, бригадирге тиесілі 120 мың теңгені заңсыз иемденген.
Сот отырысында шенеунік өз кінәсін мойындамай, өзін ақтауды сұрады.
Сотталушының кінәсі жәбірленушінің айғақтарымен, сараптамамен және іс бойынша жиналған басқа да дәлелдемелер жиынтығымен расталды.
Сотталушы кінәлі деп танылып, оған мемлекеттік қызметте лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, 3 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.