БҚО-да мектеп директоры аттестат үшін ата-аналардан ақша жинаған
Білім беру ұйымының басшысы министрлік бұйрығының талаптарын орындамаған
БҚО-да мектеп директоры аттестат үшін ата-аналардан ақша жинаған, деп хабарлаған Halyq Uni тілшісі.
Батыс Қазақстан облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінің мәліметінше, түлектердің ата-аналары мектеп директорының баспа құрылғыларының көмегімен мектепті бітіргені туралы аттестаттарды толтыру үшін ата-анасынан ақша жинау фактісі бойынша шағымданған.
Осы ақпараттың дұрыстығын тексеру үшін 20 маусымда «ANTIKOR Ortalygy» сервистік орталығында құзыретті органдар өкілдерінің қатысуымен кездесу өтті. Оның қорытындысы бойынша білім беру ұйымы – Тапсырыс беруші мен ЖШС атынан өнім беруші арасында биыл 19 мамырда мектепті бітіргені туралы аттестаттарды толтыру бойынша қызметтерді мемлекеттік сатып алу туралы шарт жасалғаны анықталды.
Мемлекеттік сатып алуды өткізу кезінде Тапсырыс беруші техникалық ерекшелікте «Білім туралы мемлекеттік үлгідегі құжаттарды толтыруға қойылатын талаптарды бекіту туралы» ҚР Білім және ғылым министрлігінің 2007 жылғы 21 қарашадағы № 565 бұйрығының талаптарын сақтамаған, яғни баспа құрылғыларының көмегімен аттестаттарды толтыру көрсетілмеген.
Осыған байланысты, мектеп директоры егер ата-аналар электронды түрде толтырылған аттестат алғысы келген жағдайда 1 мың теңге көлемінде ақша жинау туралы нұсқау берген.
БҚО бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің араласуынан кейін, түлектердің ата-аналарынан жиналған ақша қайтарылып, жоғарыда аталған бұзушылыққа жол бергені үшін кінәлі адамдар тәртіптік жауапкершілікке тартылды.