Ақмола облысында жол апаты жиі болатын жерлер анықталды
Онда 300-ге жуық апат тіркелген
Ақмолалық полицейлер жол апаттарына талдау жүргізіп, жол-көлік оқиғалары жиі болатын 75 учаскені анықтады, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Жергілікті полиция қызметі мен әкімшілік полиция қызметкерлері Ақмола облысында автокөліктің қарсы жолаққа шығуы кезінде жәбірленушілермен болған апаттар саны артып келе жатқанын анықтады. Көп жағдайда жол апаты жүргізушілердің менмендігі мен немқұрайдылығына байланысты болады. Автокөлік әуесқойлары қауіпті жағдайда да, басып озу үшін саналы түрде тәуекелге барады.
Апаттың тағы бір себебі – зейіннің жоғалуы, шаршауы және көлікті жүрзігіп бара жатқанда ұйықтап қалу. Ұйқыға кеткен жүргізушінің кесірінен көліктің қарсы жолаққа шығып кету жағдайлары жиі кездесетін болды.
Өңірде бес жылда тәртіп сақшылары жолдардың ең проблемалы 75 учаскесін анықтады. Аталған учаскелерде 290 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 54 адам қаза тауып, 519 адам түрлі жарақат алды. Талдау көрсеткендей, жол апаты көбінесе тәртіпті сақтамаудан (66 дерек), кедергіге соғылудан (56 дерек), қарсы қозғалыс жолағына шығудан (42 дерек), аударылудан(30 дерек) және басқа да себептен болады.
Жүргізушілердің назарын осы проблемаға аудару үшін Ақмола облысының полицейлері жедел жәрдем қызметкерлерімен бірлесіп рейд жүргізді. Полиция мен медицина қызметкерлері жүргізушілердің шаршап-шалдығуына тексерді.
Мысалы, Қостанайдан Павлодарға ағаш жүгімен келе жатқан «КамАЗ» жүк көлігінің 50 жастағы жүргізушісінде жоғарыда аталған белілердің бірі анықталды. Жүргізуші таңнан жолға шыққанын айтып, бір сағат дем алғанын мойындады. Медицина қызметкерлері жүргізушіде қан қысымының жоғарылағанын байқап, дәрі-дәрмек ішкізіп, қысым тұрақтанғаннан кейін одан демалуды және таңертең жолға шығуды сұрады. Тәртіп сақшылары оны демалу орны бар жақын дәмханаға алып барды.
Ақмола облысының полицейлері барлық жүргізушілерге жолдарда аса сақ болуға, шаршаған жағдайда көлік құралын басқаруға жол бермеуге, ЖҚЕ сақтауға және қауіпті әдіс-тәсіл жасамауға кеңес береді.