Түркістан облысында 370 бас мал қырылды: өтемақы беріле ме
Арнайы комиссия кімдерге көмек көрсетілетінін хабарлады
24 сәуірде Түркістан облысы Қазығұрт, Сарыағаш аудандарында нөсер жаңбыр жауып, Кентау қаласында қатты жел соғып, табиғи апат болды.
Құтқару жұмыстарына облыстық төтенше жағдайлар департаментінің және жергілікті атқарушы органдардың 100-ден аса қызметкері жұмылдырылды. Олар 15 бірлік техника, 13 мотопомпа күшімен суды сору және арықтарды тазалау жұмыстарын жүргізді.
Табиғи апат салдарынан 50 адам қауіпсіз аймаққа көшірілді. Адам шығыны жоқ. Алдын ала есеп бойынша, 53 үйдің ауласына, 19 үйге, 1 мейрамхана мен 16 ғимаратқа су кіргені анықталды. Сондай-ақ 370 бас мал қырылды.
Бұл жағдайға қатысты Түркістан облысында арнайы комиссия құрылып, облыстық бюджеттің резервінен қаржы қаралып, келесідей көмек көрсетілетін болады:
- Қырылған мал үшін ережеге сәйкес өтемақы төленеді;
- Зардап шеккен тұрғын үйлер қайта қалпына келтіріледі;
- Ғимараттар мен тұрғын үйлердің шатыры қалпына келтіріледі;
- Шаруашылық ғимараттарды қалпына келтіруге көмек көрсетіледі;
Қазір табиғи апат салдарынан болған нақты шығын көлемі есептеліп жатыр.