Олимпиадаға ауыл мектептерінен 37 692 оқушы қатысты
Астанада Қазақстанның барлық 166 аймағынан 824 дарынды оқушының басын қосқан IQanat республикалық олимпиадасының финалы ақтық мәресіне жетті, деп хабарлайды Halyq Uni.
Олимпиада жеңімпаздарын Қазақстан Республикасының оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев, Қазақстан Республикасының жоғары білім және ғылым министрі Саясат Нұрбек, сондай-ақ 100-ден астам қазақстандық ірі кәсіпкерлер Еркін Длімбетов, Нұрасыл Жарбасов, Қанат Көпбаев, Айдын Рахымбаев және т.б құттықтады.
Марапаттау салтанатында қатысушылар алдында сөз сөйлеген оқу-ағарту министрі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың арнайы үндеуін оқып берді. Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев финалистерге сөйлеген сөзінде: «Құрметті қатысушылар, сіздерді IQanat олимпиадасының финалына шығуыңызбен шын жүректен құттықтаймын. Сапалы білім, бәсекеге қабілетті және табысты ұлт болудың басты кепілі. Өркениетті қоғамды - еңбекқор, жасампаз, адал азаматтар ғана құрайды. Сондықтан озық ауыл оқушылары арасында олимпиада өткізудің маңызы зор» деді.
Алтыншы жыл қатарынан өткізіліп келе жатқан олимпиада осы жылдар ішінде 160 мыңнан астам ауыл оқушысын қамтыды.
Қордың алғаш негізін қалаушылардың бірі, Altyn Qyran Foundation қоғамдық қорының қамқоршылар кеңесінің төрағасы Исламбек Салжанов IQanat жобасы ауыл балаларының келешегіне салынған даңғыл жол екенін айтты.
38 мыңға жуық оқушының ішінен озып шығып, жеңіске жетіп жатқан балалар ортамызда отыр. IQanat жобасы, ең әуелі ауылдан шыққан оқушыларға сенім береді. Ал өзіне сенетін адамдар алдына қойған мақсат-армандарына жетеді. Олардың алмайтын қамалдары жоқ деп айтуға болады. Жастар алдына қойған арман-мақсатына жету үшін, әрекет істеуі керек. Арманына жете алмай, сенімсіздік танытатындар да кездеседі. Бір есік ашылмаса, ашылатын басқа есіктер бар. Қазіргі заманда жастарға екі нәрсе керек. Ол – жаңа технология мен ағылшын тілі. Осы екеуін жақсы меңгерсеңіз, әлемнің кез келген жоғары деңгейдегі университеті алдыңыздан ашылады, – деген Исламбек Салжанов залдағы оқушыларды республикалық слеттің ашылуымен құттықтады.
Сонымен бірге ауыл оқушыларына оқу және өзін-өзі дамыту үшін мүмкіндіктер сыйлаған әлеуметтік-білім беру жобасына атсалысып жүрген қамқоршылар мен демеушілерге алғыс білдірді.
Әрине, осы жобаға азғантай үлес қоса алғаным үшін өзімді бақытты санаймын. Жобаның болашағы жарқын боларына өте сенімдімін. Жоба жеңімпаздарына ақ жол тілеймін. Сіздер Әділетті Қазақстан құру жолында экономикалық салаларына үлкен үлес қосатындарыңызға үміт артамын. Келешекте араларыңыздан болашақ қамқоршылар шығады деп сенемін, – дейді ол.
Ауыл оқушыларын қолдауға бағытталған қазақстандық кәсіпкерлердің ең ауқымды бастамасының жемісті жұмыс істеп келе жатқанын айтқан кәсіпкер, меценат Айдын Рахымбаев IQanat жобасының дамуына үлес қосып жүрген қамқоршыларға, тәлімгерлер мен ұстаздардың рөлі ерекше екенін атады.
Қазақстанның ауыл мектептерін қолдау идеясы 2004 жылы пайда болды. Содан бері үш адамнан басталған қамқоршылар қатары жылдам артты. Бүгінде IQanat Қорына 130-дан астам қамқоршылар көмек көрсетіп келеді. Тәлімгерлер клубының арқасында балалардың өзіне деген сенімі арта түсті. Сіздер оқушылардың жұлдызын жақтыңыздар. Қазір бүкіл әлеммен тілдесіп отыр. Бұл жолда мұғалімдердің де еңбегі ерен. Бүгін 110 бала ғана сертификат алады. Ал қалған 700 баланың көңілі түспеуін сұраймын, сіздер енді бұрынғыдай болмайсыздар деп сенемін, баларлар! – дейді Айдын Рахымбаев.
Ауыл балаларына қолдау көрсетіп жүрген қамқоршы кәсіпкерлер салтанатты жиында Қазақстанның ауылдарынан іріктелген дарынды 110 оқушы марапаттап, сертификат табыстады.
«Эмоциялар толқыны... Үшінші, екінші не бірінші орын аламын деп ойламадым. Мен түспеймін деп ойладым, алайда түстім! Мен әлі де сенбей жатырмын, бірақ мен түстім!», – дейді қуанышын жасыра алмаған биылғы жеңімпаздардың бірі Марат Ілияс. Ол – Атырау облысы, Құрманғазы ауданынан бақ сынаған талаптылардың бірі.
Ал IQanat мектебінің 10-сынып оқушысы Рабиға Ахат мектептің өзінің үлгеріміне қалай әсер еткенін айтып берді. Ол Целиноград ауданы, Қоянды ауылынан келген.
Шынымды айтсам өзімді бұл мектепке лайық деп санамадым. Ең данышпан балалар оқиды деп түсіндім. Осы мектепке келіп домбыра тартуды үйрендім. Iqanat маған армандауды үйретті және сол арманға жетуге мүмкіндіктер берді, – дейді Рабиға Ахат.
Айта кетелік, 2022-23 оқу жылының олимпиадасы 8-сынып ауыл оқушылары арасында 3 кезеңде өткізілді. 2022 жылғы 31 қазан мен 17 қараша аралығындағы 1-кезеңге еліміздің ауыл мектептерінен 37 692 оқушы, 17-22 наурыз аралығында өткен 2-кезеңге 7,7 мыңнан астам бала қатысты.
Ал 3-кезең – 18 маусымда Астанада 824 ауыл оқушысының жинаған IQanat олимпиадасы осылайша финалистерінің республикалық слетімен жалғасты.
Қамқоршылар олимпипада жеңімпаздарын марапаттады. Финалистер IQanat High School of Burabay мектебінде білімін жалғастырады және Қазақстан мен әлемнің университеттеріне түсуге үш жылдық тегін дайындыққа қатысады.
Қордың барлық жобасы қамқоршылардың қолдауы арқасында жүзеге асады. Оның қамқоршылар кеңесінің төрағасы – кәсіпкер, меценат Айдын Рахымбаев. Кеңестің құрамында Altyn Qyran Foundation қоры қамқоршылық кеңесінің төрағасы Исламбек Салжанов, кәсіпкер Дәурен Жақсыбеков, Forbes Kazakhstan журналының баспагері Арманжан Байтасов және тағы басқалары бар.