«Қарызға батып, жақынынан жылу таппайды». Қазақстанда суицид статистикасы неге көп?
Психологтар олардың жартысы ойынқұмарлар екенін айтады
Қазақстан суицид статистикасы жөнінен Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегінше, 19-орында тұр. Ресми мәлімет бойынша, 2022 жылы 3,7 мың адам суицидтен қайтыс болған. Бұл қайта бір жыл бұрынғы 4 мыңнан азайғаны. 2023 жылдың алғашқы екі айында ғана 526 қазақстандық өз еркімен өмірмен қоштасқан.
Зерттеулерге қарағанда, суицидке ер адамдар бейім келеді. Өз-өзіне қол салғандардың 78,9%-ы ерлер болып шыққан.
ЖАҚЫНЫНАН ЖЫЛУ КӨРМЕЙДІ
Психологтардың айтуынша, өз-өзіне қол жұмсау кім-кімнің де басына келеді. Төбеден секіре салу, көлікпен соқтығысу немесе басқа да ой болуы мүмкін. Бірақ ол тіршілікте болатын қалыпты жағдай. Ал егер соны қалай істейтінін, айла-тәсілдерін ойластыра бастаса, демек оған мән беру керек.
Психолог Назгүл Темірғалиеваның сөзінше, суицидке итермелейтін ең үлкен себеп, жолы тарылған адамның жақындарынан қолдау таппауы. Жақындарынан жылу көрмеген соң ешкімнен қолдау жоқ деп ойлап, өзіне сол жауапты ғана дұрыс деп санайды. Екінші жағынан, қолдау көрсеткісі келетіндер табылғанмен, оны қабылдағысы келмейді.
Аяқталмаған суицид жасаған немесе көптен ойланып жүрген адам болса, олардың қалыпты тіршілікке қайта оралуы психологқа қандай дәрежеде келгеніне қарай белгілі болады. Мысалы, қатерлі ісікті ерте бастан анықтаса, оны дәрігер емдеп алуы мүмкін. Суицидте де сол сияқты, қаншалықты асқынбаған жағдайда келгеніне байланысты. Оны психтатр, психотерапевттермен бірлесіп қарап, 2-3 ай ішетін дәрілер жазып береміз, – дейді маман.
Сондай-ақ, суицидпен жұмыс істеудің тағы бір негізгі проблемасы ретінде халық арасында психологиялық сауаттың аздығын айтады. Көбіне, жалпы қауым психоаналитикті, психиатрды, психотерапевт пен психологты бір-бірінен ажыратып жатпайды. Психологқа баруды намыс көреді.
АСТАНАДА ҚАЗІР 50 АДАМ ЛУДОМАНИЯДАН ЕМДЕЛІП ЖАТЫР
Елімізде көп жылдан бері түрлі тәуелділікке тап болған жандарды оңалту орталықтары жұмыс істейді. Елордадағы «Көмек» психологиялық оңалту орталығының психологы Серікгүл Салидің айтуынша, суицидке баратындардың жартысы лудоманияға шалдыққандар.
Мәселен, қазір Астанадағы сол орталықта ем қабылдап жатқан 100 адамның 50-і сол ойын соңына түсіп кеткендер.
Көбі ер адам. Көп қарызға кіреді, суицидқа баратын деңгейге жеткенге дейін әбден әке-шешесі мен бүкіл туыс-туғанын қарызға кіргізіп, дүние-мүлкін сатқызып, үйден ұрлық жасап, ең төменгі дәрежеге жетеді. Сол бетімен ата-анасының бетіне қарай алмай, одан да өле салғанды артық көреді.
Дегенмен, мұндай жағдайға жетпес бұрын, психикасының өзі өзін құртуға апаратынын айтады. Яғни, ойын соңына түсіп, құмарлықпен ойнау, содан ләззат алу дегеннің өзі өз-өзін құрдымға апара жатыр дегенді білдіреді. Сосын ойынқұмарлықтың бәріне ақыр соңында ойларына өз-өзіне қол жұмсау келеді.
Дәл қазір бізде 50 жігіт отыр. Осыдан 4 ай бұрын бұлардан мүлде басқа 50 жігіт отырған. Екі жылдан бері таза осындай қыз-жігіттермен жұмыс істеймін. Бәріне сондай «өз-өзіңе қол жұмсау туралы ой келді ме?» «ондай ой қашан келді?» деп сұрақ қоям. Сонда міндетті түрде сондай ой келгенін айтады. Біразы соны іске асырайын деген, бірақ болмай қалған. Тағы біразы осындай қиын жағдайға түскенін біліп, ауруын мойындап, ата-анасына айтқан. Сонымен ата-анасы бізге әкеп жатқызады, – дейді маман.
Оның айтуынша, мұндай жандарға кез келген психолог емес, тек арнайы маманданған психологтар ғана көмектесе алады. Өйткені сана сезімін тазалау, өмірлік мақсаттарын айқындау арқылы оңалту шаралары жүреді.
Өйткені, бұл адамдарға сырттай ем жүрмейді. Яғни, өз еркімен жүріп, психологтың айтқан уақытында қабылдауға келіп жүргеннен пайда болмайды. Себебі, олардың тәртібі өзгерген. Сол тәртібін қалпына келтірмейінше, санасын тазалау мүмкін емес.
Ал осындай орталықта емделіп шыққандардың 70%-ы қалыпты тіршілігіне қайта оралатыны дәлелденген. Сонымен бірге, айта кетерлігі, қазақ тілінде жұмыс істейтін жалғыз орталық Астанада орналасқан. Жуырда Шымкентте ашылып, жұмысын бастамақ. Одан соң Ақтауда ашу жоспарланып отыр.