Антикорда тергеушінің ұсынысы қаралды
Жетісу облысында шенеунік 1 млн теңге бюджет қаржысын жымқырған, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Жетісу облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінің мәліметінше, 19 маусымда Дене шынықтыру және спорт басқармасымен бірлескен кеңесте тергеушінің сыбайлас жемқорлық қылмыстар жасауға ықпал еткен себептер мен жағдайларды жою туралы ұсынысы қаралған.
Іс-шараға облыстың Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті басшысының облыс бойынша орынбасары Д.А. Мадияров, Әдеп жөніндегі уәкіл Г.Т. Тұрсынбаев, облыстық Қоғамдық кеңестің өкілдері, мәслихат депутаттары мен мемлекеттік қызметшілер қатысты.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет өкілдері жиналғандарға жергілікті атқарушы органның лауазымды қызметкерінің өзінің қызметтік жағдайын пайдалана отырып, мемлекетке 1 млн теңге астам сомаға материалдық залал келтіргенін айтып берді.
Ол Текелі қаласында баскетбол бойынша ресми оқу-жаттығу жиындарын өткізу желеуімен ірі көлемде бюджет қаржысын жымқырды. Іс-шара тек қағаз жүзінде ғана болған, – деді ведомство өкілдері.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет тергеу ұсынысы шеңберінде, аталған салада сыбайлас жемқорлық қылмысын жасауға болатын себептер мен салдарды жоюдың жолдарын көрсетті.