Идеологиялық тұрғыда ескірген көше атаулары өзгереді
Қазақстанда 70-ке жуық көше мен 18 оқу орнының атауы өзгереді. Бұл туралы Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов айтты, деп деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Ұлттық музейде республикалық ономастика комиссиясының отырысы өтті.
Кездесуде еліміздегі 18 оқу орнын және Көкшетау, Қосшы, Степногор (Ақмола облысы) Арыс (Түркістан облысы) және Талдықорған (Жетісу облысы) қалаларындағы 69 көшенің атауын өзгерту мәселесі талқыланды.
Отырыс қорытындысы бойынша:
Идеологиялық тұрғыда ескірген, қайталанатын атаулары бар көшелер мен басқа да орындарға тоқталайын. Көкшетау қаласында «Революция үшін күрескерлерге арналған саябақ» «Алаш арыстары» деп өзгертіліп, Дмитриев көшесі аты аңызға айналған Дәулеткерей күйшінің құрметіне өзгереді. Ақмола облысы Қосшы қаласындағы 20-шағын ауданның бірнеше көшесіне Әміре Қашаубаев, Жаһанша Досмұхамедов, Нұрғиса Тілендиев, Жұмекен Нәжімеденов, Роза Бағланова, Шоқыр Бөлтекұлы, Сағадат Нұрмағамбетов, Әбіш Кекілбаев, Фариза Оңғарсынова, Батырхан Шөкенов сияқты тұлғалардың есімі берілді. Степногор қаласында Парковая және Степная көшелері аты аңызға айналған палуан Қажымұқан мен Кеңес Одағының батыры Мәншүк Мәметованың құрметіне өзгертіледі. Талдықорған қаласының бірнеше көшесіне Қазақ хандығының негізін қалаушы Керей мен Жәнібек хандардың, Тұманбай Молдағалиев, Сағадат Нұрмағанбетов сияқты тұлғалардың есімі берілді», - деді Асхат Оралов.
Түркістан облысы Арыс қаласында Роза Бағланованың, Қазақстанның Халық жазушысы Шерхан Мұртазаның және әртүрлі географиялық орындардың: Шарын, Сарыарқа, Ұлытау, Жидебай, Сарайшық және тағы басқа көшелер пайда болады.
Отырысқа қатысушылар көше атаулары өңірдің тарихи және географиялық ерекшеліктерін көрсетіп, нақты мағынаға ие болуы керек деген ұстанымда.
Айта кетейік, Түркістанда өткен Ұлттық құрылтайда президент Қасым-Жомарт Тоқаев өмірбаяны біреудің жеке мүддесі мен қалауы үшін мифологияланған кеңестік қайраткерлердің есімін әртүрлі нысандарға беру тәжірибесін тоқтату керегін мәлімдеген еді.