Кәсіпкер Қайрат Боранбаев 8 жылға бас бостандығынан айырылған
«Қайрат» футбол клубы 8 жылға сотталған кәсіпкер Қайрат Боранбаевтың меншігінде қала береді. Бұл туралы орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте белгілі болды.
Алматы қаласы әкімі Ерболат Досаев футбол клубының жұмыс істеп тұрғанын айтты.
«Қайрат» футбол клубы әзірге коммуналдық меншікке берілмейді. Басқа шешім, оның ішінде сот шешімі, меншік иесі тарапынан басқа да бастама көтерілмеді. Қазір өздері қаржыландырып жатыр, әкімдік тарапынан «Қайрат» балалар-жасөспірімдер мектебін жыл сайын қаржыландырып отырмыз. Клуб жұмыс істеп, дамып жатыр. Қазақстан чемпионатына да өз шарттары бойынша қатысады, - деді Ерболат Досаев.
Қала әкімі қаржыландыру тарапынан қиындықтар мен мәселелер әкімдік заңнамада көрсетілген тәртіппен қаралатынын айтты. Алайда қазір бұл мәселе күн тәртібінде қаралып жатқан жоқ.
Айта кетейік, сот үкімімен Қайрат Боранбаев қылмыстық кодекстің 28-бабы 5-бөлігі және 189-бабы 4-бөлігі, 218-бабының 3-бөлігі бойынша кінәлі деп танып, 8 жылға бас бостандығынан айырылды.
Сондай-ақ Қайрат Боранбаев «Құрмет», «Ерен еңбегі үшін», «Парасат», III дәрежелі «Барыс» орденінен айырылды.