Halyq Uni логотип
×

Кенесары ханның есімін ұлықтаудың тарихи астары жоқ – тарихшы

Жақсылық Сәбитов елде Кенесары культы жоқ екенін айтады

 Айнұр Шошаева 22.06.2023 | 14:47
Кенесары ханның есімін ұлықтаудың тарихи астары жоқ – тарихшы
Коллаж: Halyq Uni

Өткен апта Кенесары ханның Құран кітабы табылғаны белгілі болды. Бірер күн бұрын Ақмола облысының Державинск қаласына Кенесары ханның аты берілді, деп хабарлайды Halyq Uni

Тарихшы Жақсылық Сәбитовтің пікірінше, Тәуелсіздік жылдарында билік ұлттық тұлғалардың пантеонын қалыптастыруға күш салған жоқ. 

Әдетте, барлық мемлекет өзінің ұлттық құрылыс саясатын жүргізеді. Өткен 30 жылда Қазақстанда ұлттық тұлғалардың пантеоны болған жоқ. Тек бір ғана тұлға болды және бәрі соны жырлады. Қазіргі істеліп жатқан жұмыстарды көптеген тарихи тұлғалардан тұратын ұлттық пантеонды қалыптастыруға тырысуы дер едім. Мысалы, өткен дәуірде Әлихан Бөкейханның 150 жылдығы тойланбады. Дінмұхамед Қонаевты елемеді. 90-шы жылдардан кейін Абылайханды 2-3 қатарға ысырып тастады. Осындай жағдайлар көп болды, – деді ол. 

Алайда қазір Қазақстан билігі қазір тарихи тұлғалардың есімін ұлықтап, лайықты құрмет көрсетіп жатыр деп есептейді. 

«Мәселен, бізде Әлихан Бөкейханның 155 жылдығы аталып өтілді. Сол сияқты Қонаевтың атын қалаға берді. Міне Кенесарының аты да қалаға берілді. Бұл кейінгі ұрпаққа қалатын ұлттық тарих пен ұлт батырларының пантеонын қалыптастыру әрекеті деп есептеймін. Мемлекетіміздің бастауын тұңғыш президенттен бастау ақымақтық екені түсінікті. Сол себепті бұл тарихи әділеттілікті қалпына келтіру қажет, ешқандай Кенесары культы жоқ», – деді Жақсылық Сәбитов.

Сондай-ақ тарихшы бұл бастамалардан тарихи астар іздеудің қажеті жоқ деген пікірде. Оның бұл пікірін саяси шолушы Ғазиз Әбішев те қолдайды. 

Кенесарының Құран кітабының табылуы мен Державинск қаласының Кенесары болып өзгеруінің арасында тікелей байланысты көріп тұрған жоқпын. Астанадағы үлкен көшенің бірі Кенесарының атымен аталады, ол 10 жылдан астам уақыт бұрын ауыстырылды. Президенттің құрылтайда айтқан мессиджі – тарихи тұлғалардың мемлекетті қалыптастырудағы шынайы рөлін мойындап, баға беру, сондай-ақ қазақ ұлты мен Қазақ мемлекетін жасап, оны сақтап, рухын көтергендерін ерекше көрсету туралы болды деп түсінемін. Меніңше олардың ішінде әртүрлі тұлғалар бар. Мәселен, Керей мен Жәнібек, Абылай хан, Әбілқайыр, Қасым хан, Алашорда қайраткерлері деп кете береді. Олардың бәрі тарихи еңбегіне қарай топонимикалық құрмет арқылы тиісті орнын алады деп ойлаймын. Кенесары тек солардың бірі ғана. Оның беделі таза, Қазақ хандығын сақтау үшін күрескен тарихи тұлға. Сондықтан бұл культты білдірмейді, – деді ол. 

Оның пікірінше, Кенесары ұлт тарихындағы саяси тұлғалардың үздіктерінің қатарына кіргенімен, оның кезеңі әлі толық зерттелмей келеді. 

«Білуімше Державинск қаласын Кенесары деп өзгеру жергілікті тұрғындардың бастамасы болып, дауыс беру арқылы шешілді. Қазақ тарихын алсақ, Кенесары хан әлі зерттелмей келген тұлға. Қытайлар тарихты 3 мың жыл бойы құжаттап отыр, мысал ретінде біздің тарихта 16 ғасырдың ондаған жылдары туралы бірде-бір дерек көзі жоқ. Бұл контексте біздің тарихымыз қысқа, 500 жылдан астам ғана, ал британдықтарда 1500 жыл. Біздің қысқа тарихымызда Кенесары үздік тарихи саяси тұлғалардың тізіміне кіреді. Сондықтан біздің алдымызда оның есімін мәңгілік ету міндеті тұр және ол жүздеген жылдар бойы жүргізілетін болады. Тек қана аудан орталығымен шектелмей, бәлкім оның есімі облыс орталығы берілуі мүмкін», – деп қосты Ғазиз Әбішев.

Еске сала кетейік, Түркістанда өткен Ұлттық құрылтайда Президент Тоқаев Марал ишанның Кенесары ханға сыйлаған Құраны табылғанын сүйіншіледі.

«Бұл Құран екі ғасыр бойы қолдан қолға өтіп, ақыры шетелге шығарылған екен. Оны жанашыр азаматтардың, меценаттардың көмегімен Қазақстанға қайтарып алдық. Құранда Марал ишанның және Кенесары ханның мөрі бар. Жәдігерге жан-жақты сараптама жасалды. Отандық және шетелдік ғалымдар Құранды мұқият зерттеді. Құранның, расында, Марал ишанға тиесілі болғаны және Кенесары ханға берілгені анықталды», – деді Президент.

Қолжазба және сирек кітаптармен жұмыс істейтін отандық мамандардың қолына кітап 5-6 ай бұрын түскен. Оған дейін ресейлік мамандар сипаттама жасап, кітаптың қазақтың соңғы ханына тиесілі болғанын анықтаған. Белгілі болғандай кітап шамамен 18-19 ғасырда, қоқан қағазына жазылған. 

Серіктес жаңалықтары

Сараптама