Биыл 5 млн га пайдаланылмайтын ауыл шаруашылығы жері мемлекетке қайтарылмақ
Бұл былтырғыдан 4 есе көп
Қазақстан ауыл шаруашылығы жерлерінің ғарыштық мониторингін жетілдіреді.
Премьер-министр жер қатынастарын цифрландыру мәселелері бойынша кеңес өткізді. Онда ауыл шаруашылығы жерлерін пайдаланудың ғарыштық мониторингі және оларды цифрландыру мәселелері қаралды.
Баяндама жасаған ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев қазір «Қазақстан Ғарыш Сапары» ҰК» АҚ базасында ауыл шаруашылығы жерлеріне ғарыштық мониторинг жасаудың жетілдірілген нұсқасын енгізу пысықталып жатқанын хабарлады. «Жер инспекторының кабинеті» жасалды, ол әр жерден алынған деректерді талдап, жер учаскесін ұтымсыз пайдалану белгілерін анықтауға және осындай фактілерге жедел жауап қайтаруға мүмкіндік береді. Бұл платформа 2022 жылғы жазда іске қосылады, – дейді үкімет.
Мемлекеттік бақылау әдістерінің пысықталуын ескеріп, биыл мемлекетке қайтарылған пайдаланылмайтын ауыл шаруашылығы жерлерінің ауданын өткен жылмен салыстырғанда 4 есе ұлғайту көзделіп отыр. Атап айтсақ, 2021 жылы 1,3 млн га қайтарылды, 2022 жылы кемінде 5 млн га қайтару жоспарда бар.
«Сонымен қатар министр ауыл шаруашылығы жерінің барлығын цифрландыру аяқталғаннан кейін ғарыштық мониторингтің тиімділігі жақсаратынын атап өтті. Бұл процесті 2024 жылы аяқтау жоспарланып отыр. Әлихан Смайылов айтылған тәсілдерді қолдап, осы бағыттағы жұмысты жеделдетуді тапсырды», – делінген ақпаратта.