Атырауда терроризмді насихаттаған қылмыстық топ ұсталды (ВИДЕО)
Олар жастарға теріс жат ағымның ілімін үгіттеген
Атырауда терроризмді насихаттаған қылмыстық топ ұсталды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Полиция қызметкерлерінің мәліметінше, 16 маусымда сағат 07.30 шамасында Атырау облысы полиция департаментінің экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасы, Құрманғазы аудандық полиция бөлімі мен «Арлан» арнайы жасағының қызметкерлері терроризмді насихаттады деген күдікпен 39, 39, 35 және 33 жастағы төрт адамнан құралған қылмыстық топты анықтап, ұстаған. Күдіктілердің барлығы Құрманғазы ауданының тұрғындары болып шықты. Олар жастарға теріс жат ағымның ілімін насихаттағаны үшін бақылауға алынған.
Тұрғылықты мекенжайларын тексеру кезінде Қазақстан аумағында таратуға тыйым салынған діни әдебиеттер мен түрлі насихаттық жадынамалар, ұялы телефондар мен екі пышақ тәркіленді. Қазір аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 256-бабымен сотқа дейінгі тергеу басталды.
Өзге ақпарат ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес жариялануға жатпайды.