Бақылау органының бөлім басшысы балықшылардан ай сайын пара алып отырған

Динара Амантай

Шенеунікпен бірге ақша ұсынғандар да сотталды

Фото: Halyq Uni

Бақылау органының бөлім басшысы балықшылардан ай сайын пара алып отырғаны үшін сотталды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Ақмола облысы Көкшетау қалалық сотында балық инспекциясы бөлімінің бұрынғы басшысына бірнеше рет пара алғаны үшін қылмыстық іс қаралды. Сонымен бірге тағы бір адамдардың лауазымды адамдарға бірнеше рет пара бергені үшін  қылмыстық іс қаралды.  

Зеренді ауданындағы Мырзакөлсор көлінің су айдынына балықшылар балық аулауға тыйым салынған құралдармен бірнеше рет балық аулаған. Бақылаушы мемлекеттік органның қызметкері оларды жауапқа тартпау үшін ай сайын 20-30 мың теңге пара алып отырған.

Сотта сотталушылар кінәсін мойындап, істегі дәлелдермен дауласпай, істеген істеріне өкінді.

Сот үкімімен «Ш.»-ға 6 млн 90 мың теңге, «Г.»-ға 2 млн 100 мың теңге, «М.»-ға 900 мың теңге көлемінде айыппұл тағайындалды. Олар мемлекеттік қызметте қызмет атқару құқығынан өмір бойы айырылды.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.