Қазақстанда энергетиктердің жалақысы өседі

Дастан Жұмабекұлы

Айлықты көтеру үшін жер-жерден өтініштер келіп жатыр, - деді министр

фото: ашық дереккөз

Мәжілістің жалпы отырысында Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров алдағы уақытта жылу саласы мамандарының жалақысын көтеру жоспарда бар екенін айтты.

Мәжілісте министрге депутаты Тілектес Адамбеков энергетиктердің жалақысына қатысты сұрақ қойып, жауап алды. Депутат қазір елімізде энергетика саласында ғана емес, басқа да салада білікті кадрлардың тапшылығы бар екенін, ал энергетика саласында тарифтерді бекіту кезінде шығысты дұрыс реттемеудің кесірінен, басқа да себеппен  тәжірибелі мамандардың жыл өткен сайын жалақының аздығынан жұмыстан кетіп жатқанын айтып, тарифтердің жалақы нормативі қалай қарастырылғанын сұрады.  

Ұлттық экономика министрі оның бұл сөзіне келісетінін, қазір шынында да жылу энергетика, суды жабдықтау салаларында жалақы аз төленетінін жасырмады.

Оның айтуынша, осыдан біраз уақыт бұрын 5 жылға арналған инвестициялық бағдарламаны бекіткенде, оны өзгертуге мүмкіндік болмағанын, былтыр Парламентпен бірге тиісті өзгерістердің енгізілгенін, қазір табиғи монополиялар субъектілерінен 79 өтініштің келіп түскенін айтты.

Ол осы өтініштер қаралып жатқанын ескертті. Осыған байланысты өтініш дұрыс қаралып, жағдай реттелсе, энергетиктердің айлығы 280 мың теңгеден көп болатынын айтты.

Кейбір жерде өндірістегі жұмысшылардың жалақысы шамамен 135 мың-150 мың теңге болған. Енді біздің мақсатымыз – осы жалақыларды 300 мың теңгеге көтеру. Яғни, жылу саласында жалақыны 130 мың теңгеден 300 мың теңгеге көтеру жоспарда бар. Бұл бұрыннан бері шешімін таппай келе жатқан бірнеше проблеманы шешеді, – деді министр.

Энергетика министрінің айтуынша, қазір тарифтер жұмысшылардың нақты санына қарап, есептеледі. Ал жаңадан құрылған объектілер бойынша нормативтік саны есепке алынады.