Карта Француз королі IV Карлға тиесілі болған
Заманауи зерттеулер институтының директоры Мұхит-Ардагер Сыдықназаров Қазақ мемлекетінің 1530 жылғы картасын тапты. Бұл туралы ол өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жариялады.
Француз королі IV Карлдың күміс глобуста бейнеленген 1530 жылғы әлем картасында қазақ мемлекетінің аумағы анық көрсетілген. Мұхит-Ардагер Сыдықназаровтың айтуынша, 1540 жылғы швейцариялық картадағы секілді бұл картада да Қазақтар, Қазақия өзінің шынайы этнонимі және политонимі – Kosaki деген атпен көрсетілген.
Мен сұқбаттарым мен мақалаларымда көне еуропалық карталарды іздеу, зерттеу мен жүйелеу күтпеген жаңалықтар ашуы мүмкін екенін айтып келемін. Қазақ Мемлекетінің бүгінге дейін табылған ең ескі картасы 1540 жылғы карта еді. Ол Базель қаласында табылған және жазылған швейцариялық карта болатын. Ал бүгінгі ең көне карта – Қазақия көрсетілген 1530 жылғы әлем картасы, – дейді Мұхит-Ардагер Сыдықназаров.
«Тарихта бірнеше IV Карл болған, біз айтып отырған карта Лотарингияның IV Карлына тиесілі», – дейді ғалым.
Факсимильді қағаз карта монохромды, тек кей құрлықтардың шетін құрастырушылар қою сары түспен бояған.
Картада Қазақияның қасында Ноғай (Nogai), Қыпшақ (Comani), Қазан (Kazan), Бұлғария (Bvlgaria), Қалмақ (Kalmvki) және басқа да көршілес түркі және басқа да мемлекеттер мен халықтардың топонимі белгіленген. Картадан сонымен қатар Шағатай Ұлысы (Zagathay), Соғды (Sogdia), Хорасанның (Corazine) жерін де байқауға болады.
Қазақия Каспий теңізінің солтүстік-батысында орналасқан. Каспий теңізі онда Mare Hyrcan (Гиркан теңізі – Каспийдің көптеген көне тарихи гидрономының бірі) деп көрсетілген. Қазақиядан солтүстік пен солтүстік батыста Сарматия (Sarmatia), Вятка елі болған.
Қыпшақтар орта ғасырлардағы, кейінгі ортағасыр мен жаңа замандағы карталарда Куман, Коман, Полоучи, Половцы, Кипзаки, Кыпсаки, Капсаки, Кипсаки деп белгілеген еді, – дейді институт директоры.
Мұхит-Ардагер Сыдықназаровтың айтуынша, картада зерттеуге тұрарлық құнды дүниелер, атап айтқанда, таныс топонимер, гидронимдер, политонимдер мен этнонимдер бар және күтпеген жаңалықтарға кезіктіруі мүмкін. Бір қызығы, картада Мексика шығанағы Mare Catayum делінген.
Бұйырса, карта мен дайындап жатқан XV-XIX ғасырлардағы Қазақ Мемлекетінің еуропалық және америкалық крталары атласының көптомдығының толықтырылған және кеңейтілген екінші басылымына енеді, – деп жазды ғалым.