27 млрд теңге: Павлодар облысындағы жолдарды жөндеуге рекордтық қаражат бөлінді

Динара Амантай

Барлығы 136 жоба іске асырылып жатыр

Фото: "Қазавтожол" ҰҚ" АҚ баспасөз қызметі

Павлодар облысындағы жолдарды жөндеуге рекордтық қаражат бөлінді, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Облыс әкімдігінің мәліметінше, биыл өңірдегі жолдарды жөндеуге 27 млрд теңге бөлінген. Салада барлығы 136 жоба іске асырылып жатыр. Облыстық және аудандық маңызы бар 656 шақырым жолды, сондай-ақ елді мекендердің көшелерін жөндеу жоспарланып отыр.

Жұмыстар бекітілген кестеге сәйкес жүргізіліп жатыр. Мерзімдері бойынша артта қалушылық жоқ. Бүгінде 40 учаскеде жұмыстар толығымен аяқталды. Барлық қажетті инфрақұрылым бар. 23 асфальтбетон зауыты, 13 қиыршық тас өндіру карьері және 1 битум өндіру зауыты жұмыс істеп жатыр.

Бақылауды жол активтері сапасының ұлттық орталығы жүзеге асырады. 2022 – 2023 жылдары жөнделген учаскелерден алынған 442 асфальт сынамасының 87-сі стандартқа сәйкес келмейтіні анықталып, әртүрлі дәрежедегі 286 ақау анықталды.

Асайын Байханов кепілдік міндеттемелер шеңберінде мердігерлерге барлық анықталған ақауларды қысқа мерзімде жоюды, ал қалалар мен аудандардың әкімдеріне жол инфрақұрылымын жөндеу жұмыстарын ерекше бақылауда ұстауды тапсырды.